Канадада аптап ыстықтан 100-ден астам адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Канадада аптап ыстықтан 100-ден астам адам қайтыс болды

30.06.2021

Канадада аптап ыстықтан қайтыс болғандар саны артуда. Кей аудандарда ауа температурасы 49 градусқа дейін жеткен. Бұл – маусым айы үшін рекордтық көрсеткіш. Ми қайнайтын қапырықтан көбінесе қарттар зардап шегіп отыр. Жергілікті полицияның хабарлауынша, соңғы екі күнде кенеттен көз жұмғандар туралы жүзден астам қоңырау түскен.

Морган Ферни, дәрігер:
Мұндай ыстық ауа райы егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті. Сондықтан үйде қалып, суды көбірек ішкен абзал.

АҚШ-тың бірнеше штатында да аптап алқымнан алып тұр. Портленд және Салем қалаларында сынап бағанасы 47 градусқа дейін көтерілген. Шыжыған күннен әбігерге түскен тұрғындар суға түсіп, жағажай жағалап жүр. Мамандар болса, тұрғындарға далаға көп шықпай, күннен қорғануды ескертті. Синоптиктердің хабарлауынша, жоғары температура апта соңына дейін сақталады.

Жансая Қапасқызы


Хабарламаларға жазылу