Коронавируспен жас адамдар көп ауырып жатыр. Былтыр жан сақтау бөліміне түскендердің орта жасы 74-те болса, биыл сәуірде 68, ал маусым айында 58 жасқа дейін түскен. Тіпті ауырғандардың арасында 30 бен 40 жас аралығындағы адамдар көбейген. Бүгін баспасөз алаңында брифинг өткізген мамандар қазір ел бойынша 596 адамның жағдайы ауыр екенін айтты. Оның 67-сі ӨЖЖ аппаратына қосылған. Соңғы 7 күнде ауруханаға жатқандар саны 29 пайызға артты. Бір ғана елорданың өзінде аурухананың 75 пайызы науқастарға толған. Қайта жұқтыру дерегі де көбейіп барады. Сондықтан ауырған адам үш айдан кейін вакцина салдыруы қажет.
Сәуле Атығаева, көпбейінді медициналық орталық директорының орынбасары:
Вирусты инфекция жасарып барады. Биыл бес айдағы жағдайды талдап көрсек, сәуірден бастап 30 бен 40 жас аралығындағы науқастар көп түскен. Тіпті ауыр халде жатқандар да бар. Қайтыс болғандар да аз емес. Сондай-ақ өкпенің 2-3 күнде 60-70 пайызға дейін тез қабынып жатқанын байқап отырмыз.