Жамбыл облысында мыңдаған гектар алқапты құм басып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында мыңдаған гектар алқапты құм басып қалды

29.06.2021

Жамбыл облысында мыңдаған гектар жайылым мен шабындық жерді құм басып қалды. Шу өзенінің бойында су торабы болмағанның кесірінен 10 мың шаршы шақырымнан астам жердің экожүйесі бұзылып, табиғатқа орасан зор зиян келуде. Су қондырғысының жоқтығынан диқандар өзен арнасын құммен бөгеп, суды егінжайларына бұруға мәжбүр. Алайда ол ескі әдіс шұрайлы жерлерді қу тақырға айналдырып қана қоймай, егіс алқаптарына су жеткізуге жарамай тұр.

Сәбит Әлдебай, тілші: 
Диқандарға су жеткізу үшін Шу өзені дәл осылай алты жерден байланады. Ол үшін техниканың көмегімен 20 мың кубтан астам құм осы біз тұрған бөгеттерге төгіледі. Ал, суару маусымы аяқталған соң бұл бөгет қайтадан бұзылады. Ал, осы бөгеттен аққан құм он мыңдаған гектар алқапты басып жатыр.

 Жылда осы жағдай қайталанады. Суару маусымы аяқталған соң өзен табанымен көшкен мыңдаған текше метр құм төменгі жақтағы шабындық пен жайылымдарды басып қалады. Топырақ басқан алқаптар қу тақырға айналған.

Қызыр Елеусізов,   Мойынқұм аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Біз мына дедовский методпен байлап жатырмыз ғой. 21-ші ғасырда. Енді қараңыз мұншама құмды бізді мынаған салып ағызып жібереміз. Арғы жағындағы жайылым жерлерді біз қазір бұзып жатырмыз. Барсаңыз шұңқыр деген керемет. Мына құмның бәрін жерден қазып жатырмыз ғой. Оның экологиялық жағы бар.

Әкімдік мамандары диқандарды ағын сумен қамтамасыз ету үшін мұндай қадамға амалсыз барып отырғандарын айтады. Соның өзінде жіберген су егіс алқаптарына дейін жетпей, құмға сіңіп кетуде.

Сәбит Әлдебай, тілші:
Байқасаңыздар сәуірде себеліген егін жердің өз тоңымен бетеге бойымен көтерілген. Алайда Алқаптарға су келмей мінекей сабақтары сарғая бастады. Шаруалардың айтуынша жақын арада ағын су келмейтін болса еткен еңбек еш кетіп, еккен егін күйіп кете ме деп алаңдайды.

Маусымдық жұмысқа жыл сайын кемінде 24 миллионнан 31 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Бірақ,мәселені түбегейлі шешу үшін Шу өзенінің бойына екі жерден су реттегіш гидроқондырғы орнату қажет. Бұл бүтін бір аудан тіршілігін сақтап қалумен тең. Алайда құрылысқа тағы миллиардтаған қаржы керек. Сондықтан жергілікті билік арнайы жоба әзірлеп, Үкіметтен көмек сұрамақ.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу