«SEMEY BUS» автопаркі жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«SEMEY BUS» автопаркі жабылуы мүмкін

29.06.2021

Семейде «SEMEY BUS» автопаркі жабылуы мүмкін. Өйткені, сот кәсіпорын иелігіндегі автобустарды «Өндірісті дамыту қоры» есебіне қайтару туралы шешім шығарған. Жолаушы тасымалдаушы компания қорға берешек. Кәсіпорын лизингке алған қоғамдық көліктердің ақысын өтей алмаған. Нәтижесінде, қаладағы қоғамдық көлік қызметінің сапасы нашарлап кеткен. Компания 200-ге жуық жұмысшыға да міндетті зейнетақы төлемдері мен медициналық сақтандыру жарналарын төлемеген. Сол үшін автобус жүргізушілері мен кондукторлар бірнеше рет наразылық білдірді. Қазір зейнетақы қоры бойынша 132 млн тенге, әлеуметтік төлемдер бойынша– 48 млн, жалақы бойынша – 20 млн теңге берешек

Назым Жанболатова,  автомобильдер жолдары және жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі:
Міндетті зейнетақы қорына құйылатын әрбір қызметкерге тиесілі жарнаға келетін болсақ, бұның аударытын оны қадағалайтын осы «SEMEY BUS» ЖШС әкімшілігі.

«SEMEY BUS» автопаркінің автобустары тоқтағалы аптадан асты. Қазір соттың шешіміне сәйкес «SEMEY BUS» лизингке алған автобустарды түгелдей «Өндірісті дамыту қоры» есебіне қайтаруы тиіс. Кәсіпорын бір айдың ішінде апелляциялық шағым түсіре алады. Компания жабылса, 200 ге жуық адам жұмыстан айырылмақ. Бірақ, Семей әкімшілігі олардың әрқайсысын қазірдің өзінде жұмысқа орналастыруға дайынбыз деп отыр. Ал кәсіпорын өкілдері бұл мәселеге қатысты сұхбат бермейтіндерін жеткізді.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу