Жамбыл облысын қуаңшылық жайлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысын қуаңшылық жайлады

28.06.2021

Жамбыл облысында мал азығын жинау мұңға айналды. Жаңбырдың жоқтығынан өңірде жылдағыдан шөп аз шығып, шаруалар әбігерге түсіп жатыр. Аймақтағы шөбі шүйгін Мойынқұм ауданының өзі қуаңшылықтан тарығып отыр. Өңір биыл ағын судың да азабын тартуда.

Шу өзенінде судың көлемі тым аз. Салдарынан жайылым мен шабындықтар күйіп кеткен.Бұған дейін мыңғырған мал жайылып, мая-мая шөп орылатын Тұлпарсаз жайлауының сиқы осы. Қуаңшылықтан қурап, шаңы шығып жатыр.

Бағдатбек Асқаров,   шаруа:
Биыл жаңбыр болған жоқ. Жел болды. Жердің бәрі кеуіп кетті. Шөп жоқ. Шөпті жайылма Мойынқұм жақта жайылма жерлер бар. Солардан қалғандарын орамыз. Шөп іздеп жатыр. Жан-жақтан алып жатыр.

Шәймерден Исабеков пішен шауып, ауданды қамтамасыз етіп отырған шаруалардың бірі. Ол осыған дейін шөп оруға ауыл маңайына шығатын болса, қазір төменгі 120 шақырым жердегі Құмөзектен тасып жатыр.

Шәймерден Исабеков,  шаруа:
Қиын болып жатыр. Шөп өте сирек. Шөп жоқ бірақ. Өте сирек. Осындай проблема болып тұр. Салярканың бағасы 200 теңгеден кем емес. Жұмысшылардың айлығын да беру керек. Олар да қазір 200 мыңнан төмен айлыққа ешкім жұмыс істемейді. Барлығы келген кезде сол шөптің үстіне келіп қосамыз.

Аудан бойынша 24 мың гектар шабындық жер бар. Оның 10 мың гектары қу тақырға айналған. Енді жұрт жайылым жердің шөбін шабындық ретінде шауып алып жатыр. Биыл Мойынқұм ауданындағы 210 мың бас малға қыс мезгіліне132 мың тонна шөп дайындалуы тиіс. Биыл бұл межені орындау оңайға түспейін деп тұр. Өйткені шалғайдан тасымалдау шығындарының бағасы жылдағыдан мың теңгеге дейін көтеріліп кеткен.

Жалпы облыстың мал азығына деген қажеттілігі 1 миллион 712 мың тонна. Бүгінгі күнге дейін оның 350 мың тоннасы әзірленген. Қазір Мойынқұммен қоса Сарысу,Талас аудандарында жағдай қиын боп тұр. Әзірге шаруалар мал азығын Түркістан мен Қарағанды облыстарынан сатып алып жатыр.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу