Матвиенко: Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Матвиенко: Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасты

28.06.2021

Қазақстан мен Ресей өңіраралық және шекара маңындағы байланысты нығайтып, өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіруге мүдделі. Бұл туралы Парламент Сенаты мен Ресей Федералды Жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Қазіргі таңда екі ел шекарасында 30 өткізу бекеті жұмыс істейді. Қазақстан тарапы жүктеме мен өткізу қабілетін ескеріп, 27 бекетті қайта жаңғыртуға ниетті. Бұл азаматтар мен бизнес өкілдері үшін тиімді болады. Отырыста трансшекаралық өзендердің экологиялық мәселелері де көтерілді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Қос елдің бірлескен күші арқылы оң шешілетін проблемалар бар. Бірінші кезекте, Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі. Қазір өңірдегі экологиялық жағдай нашарлап кеткені белгілі. Аталған өзеннің стратегиялық маңызы зор. Ауыл шаруашылығының дамуы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Жайықтың жағдайына тікелей байланысты.

 Өз кезегінде Валентина Матвиенко көршілес елдер арасындағы ынтымақтастықтың жылдан жылға нығайып келе жатқанына тоқталды. 30 жыл ішінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасқанын атап өтті. Осы уақыт аралығында 400-ден астам шарттар мен келісімге қол қойылды, - деді.

Валентина Матвиенко, РФ Федералды жиыны федералды кеңесінің төрағасы:
Бұл жұмыстарға Парламенттеріміз үлкен үлес қосты. Құжаттардың басты бағыттары мемлекеттілікті, тәуелсіздікті, елдеріміздің аумақтық тұтастығын өзара мойындауда және бір-бірінің ішкі істеріне араласпауда көрініс табады. Бұл ешқандай саяси жағдайға қарамастан өзгеріске ұшырамайтын ең негізгі іргетас болып қала береді.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу