Алматы облысында «Eurasian green product» жылыжай кешені ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында «Eurasian green product» жылыжай кешені ашылды

25.06.2021

Алматы облысында «Eurasian green product» жылыжайы салтанатты түрде ашылды. Қарасай ауданында 5 гектардан астам аумақты алып жатқан кешен елдегі ең ірі жылыжай атанбақ. Құрылысы 2018 жылы басталып, өткен жылы аяқталған жоба көпшілікті экологиялық таза өніммен қамтуды көздейді. Толығырақ тілші материалы.

«Eurasian green product» жобасына 5,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жылыжай кешені термоаккумулятор, жылыту және климаттық бақылау жүйесі, ауаны ылғалдандыру, жарық беру, тамшымен суару, топырақсыз өсіру технологияларымен қамтылған. Нәтижесінде жылына 3500 тонна қызанақ түрлерін алу жоспарланып отыр. Оның 90 пайызы шетелдерге экспортталады, дейді кәсіпкерлер.

Жандос Тұрсынғали, «Eurasian green product» ЖШС стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы, жоба құрылтайшыларының бірі:
 Қазіргі күнде біз Ресей мемлекетімен келісімшартқа қол қойылған. Әрі қарай біз Араб әмірліктерімен келісім жасап жатырмыз.  Мүмкіндік болғанда Қытай еліне де шығарамыз.

Ірі жоба жергілікті бюджетке 100 миллион теңгеге жуық пайда әкелмек. Оған қоса, жылыжайға қазір 100-ден астам тұрғын жұмысқа қабылданып, нәпақасын тауып жүр. Сондықтан, өндіріс орнының ауқымын кеңейту жоспарланып отыр.

Жандарбек Далабаев, Қарасай ауданының әкімі:
Құрылыстың әлеуеті үлкен. «Eurasian green product»-тің жоспары бойынша тағы да 5 гектар жерге қосымша алдағы уақытта қосымша жылыжай кешенін саламыз. Оған да үлкен инвестиция тартылады. Жұмыс күші алдағы уақытта болады деген сенімдеміз.

Мамандар сапалы өнім өндіру үшін ауыл шаруашылығы дамыған бірқатар Еуропа елдерін аралап, тәжірибе жинаған. Енді жоспарға сай кешен маңынан 5 мың тонна көкөніс және 5 мың тонна жеміс-жидек сақтауға арналған қоймалар да бой көтереді. Дегенмен, өнім бағасы нарықтағыдан барынша төмен болады, дейді кәсіпкерлер.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу