Басты Жаңалықтар Батысқазақстандық шаруалар екпешөп екті

Батысқазақстандық шаруалар екпешөп екті

Батысқазақстандық шаруалар елді қуаңшылық қысқанда қол қусырып отырмай, жер алып, екпешөп екті. Өнімділігі жақсы өсімдік малға - азық, қысқа - қор. Биыл өңірде жауын да мол түсіп, шаруаға сеп болып тұр.

Бөкейордалық шаруа биыл бірінші рет 600 га жерге екпешөп еккен. Көктемдегі егіс қаулап өсіп, жайқалған алқапқа айналған. Биіктігі кісі бойынан асады. Кей жерде 2 метр.

Теңізбай Боранбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
Суданка 225 гектар, қарабидай – 225, арпа бар, 50 гектардай. Ауа райы жақсы болды, жаңбыр жауып. Жақсы өнім алып жатырмыз, гектарына 20 центнерден.

Егіс алқабын қараусыз малдан қорғау үшін «электронды бақташы» орнатылған. Еркін жүрген киікке де тосқауыл. Өсімтал шөтің өнімділігі де екі есе.

Нұрлан Рақымжанов, Бөкей ордасы ауданы әкімі:
Бір апта бұрын шапқан жерін көрдік. Өсіп қалған шөп. Ол екінші рет шабуға да келеді. Яғни бір маусымда екі рет шабады. Өте тиімді.

Былтырғы алты ай қыс шаруаға жайсыз тиді. Оның үстіне қуаңшылық бүйірден қысып, мал баққан ағайын азықтан тарықты. Биыл миллионға жуық малға екі миллион тоннаға жуық жем-шөп дайындау керек.

Алмат Есболов,  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Құнды мал азығы ретінде ағымдағы жылы 30 мың гектар жерге түрлі екпешөп егілді. Көпжылдық және біржылдық шөп 15 мыңнан, сүрлемдік жүгері 1 мың жарым гектарға егілді. Одан бұрын егілген 145 мың га екпелі шөп қолда бар.

Жер емген шаруа үшін күн райы қолайлы боп тұр. Енді олар қара күзге дейін тынбай еңбек етеді.

Ардақ Мұратқызы

Бөлісу