Басты Жаңалықтар Зайсанның шаруалары жайылымға зәру

Зайсанның шаруалары жайылымға зәру

Шығыстың Зайсан ауданындағы шопандар малын жайлауға шығара алмай отыр. Себебі ол жақтағы шұрайлы алқаптардың бәрі жекенің иелігінде көрінеді. Мал ұстаған жұрт өңірдегі жердің көбі мақсатты түрде пайдаланылмай жатқанына қынжылады. Әріптесім Берік Көшербай шарулардың базынасын тыңдап қайтты.

Жеңісбек Кәрібаев асыл тұқымды «Байыс» қойын өсірумен айналысады. Кезінде Жарма ауданынан әкелінген 75 тоқты бүгінде 6 мыңға жеткен. Сөйте тұра жайлауда 400 гектар ғана жері бар. 4-5 отар қой үшін ол өте аз болғандықтан, жазда малдың бір бөлігін көрші Күршім ауданының аумағында, қалғанын Ертістің жағасындағы құмды жерге жаюға мәжбүр.

 Жеңісбек Кәрібаев, шаруа қожалығының төрағасы: 
Маса, шыбын, сона, алақанат бар. Бұл жер соның ортасы. мынау ыстық құм. Малға келіп, малшы бар, тұз салып, қазіргі жағдайда мына торды түсіріп отырып, жұмыс істейміз. Біз адам баласы, ал мал табиғаттың мынандай жағдайында, айтатын тілі жоқ, еріксіз күйі кетіп, малды өте зиянды жағдайда ұстап отырған жайымыз бар.

Асан Жангуновты да жайылымның жоқтығы титықтатып жіберді. 70 жылқысына 400 гектар жер ала алмай жүргеніне екі жылдан асқан. Мамандығы бойынша заңгер азаматтың айтуынша, Зайсанда жер бойынша дау өте көп.

Асан Жангунов, шаруа қожалығының жетекшісі: 
Егер 100 пайыз деп Зайсан жерін алатын болсақ, 50 пайызы пайдаланып жатыр, 25 пайызы заңсыз жалға берілген, 25 пайызы мүлде пайдаланылмай жатыр деп маған мәлімет айтқан. Бірақ сол неге алынбайды? Заңдар шығып жатыр, Президент айтып жатыр. Неге ол жерлер алынбайды, неге орындалмайды осы заңдар?

Жауапты мамандар аудандағы жердің бәрі заңға сәйкес берілетінін айтты. Бірақ, оның қаншасы игеріліп жатқанын өздері де нақты білмейтінін жасырмады. Жердің қорғалуы мен пайдаланылуын бақылайтын инспекторда пәрмен болғанымен, дәрмен жоқ.

Еркін Қайрақбаев, Зайсан аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы: 
Аудандарға бір инспектордың штатын бөлді. Солар айналысу керек. Бірақ, Президенттің жарлығы бар, шағын кәсіпкерлік субъектісін тексеруге мараторий жарияланған. Яғни ол шаруа қожалығын тексеріп, шара қолдана алмайды. Ал енді жер қатынастары бөлімінің құзыретінде тексеру деген құзырет мүлдем жоқ.

Дегенмен, осы салаға жауапты облыстық мекеме мәліметі бойынша, ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерге цифрлық технология көмегімен бақылау жасалады. Өңірдегі құзырлы басқарма соңғы жарты жылда жер мәселесі бойынша 72 заңбұзушылықты анықтаған.

Берік Көшербай

Бөлісу