Президенттің саяси бастамаларының жүзеге асырылуы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің саяси бастамаларының жүзеге асырылуы талқыланды

25.06.2021

Жүргізуші: Алматыда саяси реформалардың үш президенттік пакетін жүзеге асыру бойынша сараптамалық талқылау өтті. Алқалы жиынға отандық сарапшылар, саясаттанушылар, Мәжіліс депутаттары мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері қатысты. Сараптамалық басқосуда саясаттанушы Андрей Чеботаревтің "Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бастамалары: 3 пакеттің ерекшеліктері" атты талдамалық баяндамасы таныстырылды.

Белгілі саясаттанушы Мемлекет басшысының 2 жыл ішіндегі саяси бастамаларына терең талдаулар жасаған. Сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асқан саяси реформалардың жай-күйі дәлдікпен және кезең-кезеңімен жүйелі сипатталған. Бұл реформалар, әсіресе, коронавирус пандемиясынан туындаған маңызды процестерге қарамастан, тиімді әрі нәтижелі жүзеге асырылып жатыр.

Ерлан Қарин, ҚР Президент көмекшісі, Ұлттық кеңес хатшысы:
Бұл баяндамада соңғы екі жылда жарияланған барлық саяси бастамалар біржағынан жүйеленген,екінші жағынан сонымен қатар президент тарапынан адам құқығы мәселесіне қатысты да біршама маңызды бастамалар көтерілген болатын. Біздің мақсатымыз осы реформалар іс жүзінде қалай жүзеге асады? Қандай нелерді ескеруіміз керек? Болашақта тағы қандай бастамалар жүзеге асыруымызға болады.Сондықтан осындай талқылаулар өте маңызды.

 Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне ресми кіріскен кездегі қабылдаған алғашқы шешімдерінің бірі - "Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы" жарлығы. Осылайша, Мемлекет басшысы билік пен қоғамның диалогын орнатуға қатысты ойын іске асырды. Сондай-ақ сайлауалды «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Мұрат Әбенов, "Серпін" ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы:
 Бұл жерде ең үлкен мәселе, ол тек қана мемлекет тарапынан жасалатын нәрсе емес. Халық та өзгеруі керек, қоғам да өзгеруі керек. Қоғамға беріп жатқан жақсы мүмкіншілік – өз пікіріңді жеткізіп, өзің билікті таңдауға әрекет жасау. +Қоғамдағы іште жүрген реніштері, ашулары, ойлары ести білетін мемлекет арқылы жеткізіледі. 

Талқылау барысында алдағы тікелей ауыл әкімдерін сайлау жайы да назардан тыс қалмады. Сарапшылар ауыл әкімдерін таңдау саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ қарапайым азаматтарды қоғамдық маңызды істерге тартуға ықпал ететін айтулы оқиға екені айтылды.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мына жаз айының ішінде Қазақстан Орта Азияда тұңғыш рет ауыл, аудан әкімдерін сайлауға кірісейін деп жатыр. Бұл үлкен, шынын айту керек , қоғамға әсер беретін, революциялық маңызы бар үлкен шешім, қадам. Енді, осыны дұрыс өткізу, осыдан сабақ алу, нәтиже шығару. Тағы талдау болады.

 Аналитикалық құжаттың тұтас бір бөлімі Мемлекет басшысының құқық қорғау саласындағы бастамаларына арналған. Елімізде осы уақытқа дейін табысты жүзеге асып келген 23 саяси бастама Президент реформаларының үш пакетіне біріктірілген. Бұл ретте 2020 жылы осы пакеттердің алғашқысы толығымен іске асырылды. Қалғандары бойынша қазір тиісті тұжырымдамалар мен заңдар әзірленіп жатыр.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу