«Үркер-2021» ұлттық бәйгесінің марапаттау рәсімі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Үркер-2021» ұлттық бәйгесінің марапаттау рәсімі өтті

24.06.2021

Бүгін елордада «Үркер-2021» ұлттық бәйгесінің марапаттау рәсімі өтті. Баспа, радио, интернет, және фотожурналистика саласында қызмет ететін үздіктерді анықтауға арналған байқау осымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның сөзінше тәуелсіздіктің 30 жылында бұқаралық ақпарат құралдарының саны 407-ден 4 жарым мыңға артты. Қазір елімізде 181 телеарна, 79 радио, 790 ақпараттық агенттік бар. Олардың саны көбейген соң, бәсеке де артып келеді. Ал сапасын бағалайтын осы конкурсқа 340 материал келіп түскен. 11 номинациядан тұратын додада кіл жүйріктер бас бәйгені қанжығасына байлады. Мәселен, «Үздік жаңалықтар порталы» атағына «Қазақпарат» ие болды. «Үздік газет» номинациясын «Түркістан басылымы алды». Ал арнайы жүлдені біздің корпорацияға қарасты «Қазақ радиосы» жеңіп алды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған қосымша марапат «Семей таңы» газетіне бұйырды. Үздік журналистік зерттеу номинациясын тәжірибелі журналист Қыдырбек Рысбек жеңіп алды.  

Хабарламаларға жазылу