Көкшетауда жол жөндеу жұмыстарының қарқыны баяу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда жол жөндеу жұмыстарының қарқыны баяу

24.06.2021

Биыл Көкшетауда жол жөндеу жұмыстарының қарқыны өте баяу. Екі жарым жыл бұрын басталған жол құрылысының биыл да аяқталатын түрі жоқ. Қала тұрғындары жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы бөлінгенімен жергілікті әкімдік мәселені назардан тыс қалдырып отыр деп наразы.

Ермек Елберген, тілші:
Гагарин көшесі үлкен көше емес. Осы жолмен жұрт базарға қатынайды. Себебі басқа көшелерде кептеліс болғандықтан тұрғындарға осымен жүрген ыңғайлы. Алайда, міне, жолдың күйі мынадай.

Бұл көшені жөндеу 2 жарым жыл бұрын басталған. Кәріз жүйесін салу үшін жолды қопарып тастаған. Алайда жоба дұрыс жасалмай, жұмыс тоқтап қалды. Көшекелер жылы бірақ жөнделіп бітпек.

Самат Сүйінжанов, қала тұрғыны:
Тезірек істесе жақсы болар еді. Халыққа жақсы, өзімізге де. Өздері жүрмей ме?! Бастықтарды айтамын да. 

Сүлейменов көшесіндегі көпір құрылысы да ұзаққа созылмақ. Жол жыл соңына дейін жабық. Жолдың азабын көлік жүргізушілері ғана тартып отырған жоқ. Көпке қолайсыз болғандықтан көше бойлай орналасқан сауда нысандарына да келушілер азайған. Салдарынан кәсіпкерлердің табысы ортайған.

Майра Әубәкірова, саудагер:
Алатын кісілеріміз келе алмайды жол жоқ деп бәрі. Айтады, ой, екі жыл болды неге істемейді деп. Сауда түсіп кетті. Жолды қазып тастады ғой. Жол болғанда ауылдыңда ауданның да кісілері келетін.

Қалада ойдым-ойдым болып жатқан жолдар да аз емес. Орталық көшелердің өзінде аяқ алып жүру қиын. Биыл жол жөндеу жұмыстары тым шабандап қалған.

Аслан Әбутәліпов, Көкшетау қалалық әкімдігінің ресми өкілі:
Техникалық қамтамасыз ету жағынан бұл мердігерлік ұйым өз жұмысын кішкене уақытында атқара алмай жатыр. Бірақ қала басшылығының назарында бұл проблемалар.

Қала билігі жолдардың барлығын күзге дейін тегістеп шығамыз деп сендіріп отыр. Биыл Көкшетауда 11 шақырым жолды жөндеуге 450 миллион теңгеге бөлінген.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу