«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесу өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесу өтті

23.06.2021

Бүгін Алматыда «Қазақстандағы 100 жаңа есім»  жобасының финалистерімен кездесу өтті. Шараға шаһар басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров арнайы қатысып, жеңімпаздарға "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттар табыстады. 

«100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының бірі халықаралық вакцинация орталығының директоры Қайсар Қазыбайұлы. Жас ғалым кейінгі 15 жыл ішінде қауіпті инфекцияларға қарсы 10 шақты вакцина жасап шығарды. Бүгінде екпелерінің 60 пайызы өндіріске енген.

Қайсар Табынов, халықаралық вакцинация орталығының директоры:
Тек мына коронавирусқа емес  болашақта пандемия тудыратын вирустық ауруларға қарсы вакцинаның платформасын дайындау. Яғни, келесі пандемияға сақадай-сай дайын болу. Сол бізде мәселе, соны ең алдымен шешкіміз келеді.

Ал химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов жапондық аниме кейіпкерлерін пәнмен байланыстырып роликтер түсірген. Оған қоса, химия заңдылықтарын оқушыларға рэп жанры арқылы үйретеді. Оның түрлі жанрдағы бейнесабақтары әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинаған.

 Ұлан Үсенов, химия пәнінің мұғалімі:
Мен күнделікті жұмысымды істеп, содан ләззат аламын. Бірақ, осындай ауқымды жобалардың бары одан сайын жігер береді. «100 жаңа есім» бастамасы жобаларымды насихаттауға және өзге талантты әріптестерімнің еңбектерімен танысуға үлкен мүмкіндік берді.

Төрт жыл бұрын басталған жобаға ел бойынша 7 мыңнан астам үміткер қатысып, 163 адам жеңімпаз атанса, солардың 46-сы алматылық. Ал байқаудың биылғы кезеңінде жеті бағыт бойынша 9 алматылық финалист атанған.

Перизат Өмірәлі, жоба ұйымдастырушысы:
Экономикалық болсын, спорт, мәдениет, деснаулық саласында болсын біздің жастарымыз болашаққа талпыныс жасап  дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуға үлкен жұмыс жүргізіліп жатқан тірлік деп есептейміз.

Жиын соңында шаћар басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров «100 жаңа есім» жобасы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге және талантты жастар үшін зор мүмкіндік екендігін айтып, финалистердің алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу