Жамбыл облысында газ құбыры қауіпсіздігін тексеретін компания ауыл халқымен соттасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында газ құбыры қауіпсіздігін тексеретін компания ауыл халқымен соттасып жатыр

23.06.2021

«Мың теңге үшін бүтін бір ауылды сотқа берді». Жамбыл облысында газ құбыры қауіпсіздігін тексеретін компания Қайыңды ауылының халқымен соттасып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, мекеме өкілдері ешқандай қызмет көрсетпеген. Кейін жұрттан жинаған қаржыны қайтарып берген. Бірақ серіктестік бірнеше күннен кейін «ауыл тұрғындары ұрып-соғып, ақшаны тартып алды» деп сотқа берген.

Дау былтыр тамыз айында басталған. Газ жабдықтары мен құбырын тексереміз деп мың теңгеден жинап алған компания хабарсыз кеткен. Қызмет ақыны бергендер қатарында Қайыңдымен қоса Сөгеті, Мамай Қайыңды учаскелері де бар.

Қамбар Дөңбайтегі,    Жамбыл облысының тұрғыны:
 Олардың осындай алаяқ тірлікпенен айналысып жүргенін ауылдың балалары біліп, халықтың ақшасын осы мына конторымызға жинап, осы контордың алдында осы халықтың мың теңгесін қайырып берді. Кеткеннен кейін барып сотқа беріп жатыр.
Айдын Баққожаев,  Жамбыл облысының тұрғыны:
Талап, тілегіміз сол ауылдың мәселесін заң жүзінде дұрыстап шешіп берсін, болды. Біз 2-3 адам емеспіз, бұл жерде халық.

Ауыл әкімдігі де жұрттың сөзін жоққа шығармады. Елдікі қанша дұрыс десек те, сотқа сүйреу процесі бір жылдан бері жалғасып жатыр дейді.

Айдар Төребек,  ауыл әкімдігінің бас маманы:
Біздің балалардың ешқандай кінәсі жоқ. Олар әділдік іздеді. Ауыл жастарының бәрі барып, жаңағы кісілерді ұстап әкеп, ұстағанда енді қалай әкімшілікке шақырып, кабинетке кіргізіп, басшысын шақыртып, сөйлесіп, ол кісі бізден кешірім сұрап, учасковый шақырылды. Барлығы заңды түрде болды.

Қайыңдылықтарға қайтқан қаржы 300 мың теңге. Ауылға барып ақша жинаған компания өкілі тұрғындардан таяқ жеген жоқпыз деп отыр.

Ерғали Орынтай,  «Қауіпсіздік РГП» ЖШС өкілі: 
Фирманың бастығы бар Сартаев Қажымұхан деген, сол кісі бізді жинатқан. Ұрып, соқты деп мен ешқандай жазған емеспін. Бірақ бопсалағаны рас. 100 мың теңгені алғаны рас. Мен берген жоқпын сотқа. Жаңағы Сартаев берген.

Ауыл азаматтарын сотқа сүйреген компания басшысын таба алмадық. Бір анығы- серіктестік 2005 жылдан бері заңды тіркеліп, жұмыс істеп келеді. Ал ауыл тұрғындары болса, осымен онлайн сот отырысының 5-не қатысыпты. Тараптар тату тарасамыз демейінше процестің жалғаса беретін түрі бар.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу