Ақтөбеде тұрғындар құрылыс мекемесінің үстінен шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде тұрғындар құрылыс мекемесінің үстінен шағымданды

23.06.2021

Ақтөбеде ондаған тұрғын құрылыс мекемесінің үстінен шағымданды. Айтуларынша, олар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған көп пәтерлі екі үйге екі жыл бұрын қоныстануы керек болған.

Алайда, құрылыс әлі күнге дейін аяқталмаған. Амалы таусылған салымшылар қала мен облыс әкімдігін жағалап жүр. Олар жаңа үйлерден баспана аламыз деп банкке пәтер құнының бір бөлігін салып үлгерген. Енді компания пәтерлерді қымбатқа сату үшін отыр ма деп күдіктенеді.

Ақтолқын Мәденова, қала тұрғыны: 
Ол 2018-інші жылы тендерді ұтқан, ақшасы біткен. Айтатындары өтірік.  2019 жылы кіруіміз керек еді, әлі жүрміз.

Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, «Нұр Ақтөбе» ауданында орналасқан бұл үйлер құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан салынбай қалған. Үйлердің бірінің жұмысы 98 пайызға аяқталған. Қазір жетпей жатқан материалдарды құрылыс дүкендерімен келіссөзге отырып, қарызға алу үшін келісім жасалып жатыр. Ал, екінші үйдің мәселесі күрделірек.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: 
52-інші үй бойынша құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты сметалық құжаттамасына түзетулер енгізілген. Қазір 60 млнғ-а жуық қосымша талап етіп тұр, оны қалалық бюджет есебінен қарастыру мәселесі қолға алынып жатыр.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу