Қарағандыда көлікке жалған нөмір жасап келген топ анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда көлікке жалған нөмір жасап келген топ анықталды

16.05.2019

Заңсыздық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары жүргізген тексеріс кезінде анықталды.

Күдіктілерді әшкерелеу үшін мамандар әлеуметтік желідегі жарнама бойынша жалған тұтынушыға телефон шалдыртқан. Нөмірді дайындағандар бұл қызметке 23 мың теңге сұрап, алдын ала 10 мың теңгені шотқа салуын талап еткен. Бұған қоса WhatsApp арқылы техникалық паспорттың көшірмесін сұратқан.

Айғақ ретінде жазған хабарламалары да бар. Осылайша заңды белден басқандар бір айда дайындалуы тиіс көлік номерін үш күнде жасап берген. Тәртіп бойынша көліктерге мемлекеттік тіркеу нөмірі республика бойынша тек бір ғана фирманың атынан дайындалады. Көлеңкелі жолмен дайындалған көлік нөмірінде күдіктілер барлық талапты сақтауға тырысқан.

Берік Ахметов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысының орынбасары:

- Мысалы, қазір біз бір шаруаны ғана анықтадық. Егер осындай оқиғалар көп болса, мемлекет қазынасына қыруар қаржы түспей жатқанын байқаймыз. Құқық қорғау органдарына береміз. Олар сараптама жүргізіп, нақтылайды, анықтайды. Сосын заңды түрде шешім қабылдайды. Адамдары белгілі бізге.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу