Семейде бүгін «Semey BUS» серіктестігіне қарасты қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлар жұмысқа шығудан бас тартты. Мұндай қарсылық осымен бірнеше рет қайталанып отыр. Жұмысшылар екі жыл бұрын құрылған серіктестіктің зейнетақы төлемдері мен медициналық сақтандыру жарнасын аудармағанына наразы.
Автобус жүргізушілері бір жылдың ішінде осымен 5-рет наразылық білдіріп отыр. Соңғы рет өткен аптада жұмысқа шықпай қойды. Барлығының талабы бір. Бірнеше жыл бойғы зейнетақы төлемдері мен медициналық сақтандыру жарнасын аударту.
Сарқыт Дүйсенбекова, кондуктор:Бұл енді қашанға созылады.
Дәулетқазы Мұхаметов, автобус жүргізушісі:Маршрутқа мүлдем шықпаймыз. Облыс әкімі өзі келіп кірісіп осы жағдайды шешпей.
Қалада негізінен 3 жолаушы тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Күнделікті шығатын 200 ге жуық қоғамдық көліктің тең жартысы «Semey BUS» компаниясына тиесілі. Бүгін серіктестікке қарасты автобустар түгелдей қаңтарылып тұрды. Нәтижесінде такси бағасы шарықтап, халықтың қалтасы қағылды.
«Semey BUS» басшылары жергілікті әкімшілік қоғамдық көлік қызметі үшін тиісті субсидияны төлемейінше, мәселені реттей алмаймыз-деп отыр. Оның үстіне автопарк пен «Өндірісті даму қоры» арасында болған сот шешімі бойынша серіктес несиеге алған автобустарын қарыз есебінен түгелдей қорға қайтаруы тиіс. Үкім күшіне енсе, 200-ге жуық адам жұмыстан айырылуы мүмкін.
Айдар Садырбаев, қала әкімінің орынбасары:Ең бастысы ешкім жұмыссыз қалмауы керек. Егер автобустар алынған күннің өзінде. Сәйкесінше жұмыспен қамту орталығы тиісті есепті жүргізіп жатыр. Біздің мақсат, әрқайсына жұмыс ұсыну.
Мәселенің қалай реттелетіні әзірге белгісіз. Талабы орындалмаған жүргізушілер алдағы күндері де жұмысқа шықпауға бекінген.
Ержан Жақып