Зайсан ауданында белгісіз індеттен мал өліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зайсан ауданында белгісіз індеттен мал өліп жатыр

22.06.2021

Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданында ірі қара мал белгісіз індеттен өліп жатыр. Осыдан бір ай бұрын Шілікті ауылдық округіндегі бір қожалықта қойдың биылғы жас төлі де қынадай қырылып қалған еді. Ветеринарлар қозылар неден өлгенін анықтады. Ал сиырларға қандай ауру жұққаны әзірге белгісіз.

Мамыр айында Шілікті ауылындағы бір қожалықта 150 қозы қырылып қалған. Ветеринария басқармасы сараптама қорытындысы шықпай жатып, қойдың жас төлі күтімсіздіктен өлді деп мәлімдеді. Бірақ кейін бұл анаэробты энтеротоксемия деген жұқпалы ауруы екені анықталды.

Айболат Лекеров, Шілікті ауылының тұрғыны: 
Ол ауру күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Ұсақ малдан қазір қойлар ақсап жатыр. Төлдің өлуі тиылды, бірақ қойлардың ақсап жатқаны анық. Оны енді біздің аудандық ветеринарлар не себептен жасырып, жоққа шығарғылары келеді, оны түсінбедік.

Бұл жақтағы сиырлар да белгісіз індеттің ілмегіне ілінген. Бақташылардың айтуынша, ірі қарада ұртының терісі сыдырылып, ерні, езуі және тілі көлдіреп ісіп кетеді. Ауырған мал шөп жей алмай қалады.

 Айдос Мәдиев, бақташы: 
Аусылдың белгілері ол сілекейі ағып, аузы уылады дейді. Солай деп топшылап отырмыз. Тек қана бізде емес. Көрші қожалықта, кеше мысалы, сиыр өліп те қалды, ауырып. Бұл ауру өтіп кетсе, өліп қалады екен.

Ірі қара арасында белгісіз ауру тараған соң мал дәрігерлері сынама алып, тексеріпті. Облыстық зертхана бұл аусыл емес деген қорытынды жасаған. Енді шаруалар еліміздің бас қаласынан келген мамандардың жауабын күтіп жүр.

Қымбат Еңсебаев,  Зайсан аудандық ветеринария қызметі КМК директорының орынбасары: 
Аусыл ауры мен стоматит ауруына республика тексеріп жатыр. Оның қорытындысы бізге әлі белгісіз. Сынаманы 17-ші мамыр күні алған.

Шілікті - шекара шебіндегі ауыл. Бұл өңірдегі халық тек малмен күн көреді. Шаруалар сараптама нәтижесін тезірек шығаруды сұрап отыр. Эпизотиялық ахуал бұдан ары нашарласа, талайдың қорасы қаңырап, тігерге тұяқ қалмай қалуы ғажап емес.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу