«Түркістан - Түркі әлемінің бесігі» жастар саммиті өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Түркістан - Түркі әлемінің бесігі» жастар саммиті өтіп жатыр

22.06.2021

Түркістанда өтіп жатқан «Түркістан - Түркі әлемінің бесігі» атты түркі елдерінің жастар саммиті бүгін екінші күн жалғасты. Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған алқалы жиында алты мемлекеттің жас көшбасшылары мен белсенділері «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» идеясын ілгерілету, мәдени туризмді дамыту сияқты өзекті мәселелерді талқылады.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Саммит бүгін онлайн және офлайн форматта өтті. Халықаралық дейңгейде өтіп жатқан форумға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев видео-байланыс режимі арқылы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ал, еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осындай ауқымды жұмыстардың аясында түркі мемлекеттерінің жастары арасындағы ынтымақтастық нығая түсетінін жеткізді. Жиынға қатысушылар болса түркітілдес елдері жастарының өзара достығы, бірлескен бастамалары мен жобалары – осы мемлекеттер арасындағы байланысты бекемдей түсудің бірден-бір кепілі екенін тиілге тиек етті.

Ислам Охонов,  Өзбекстан Республикасы делегациясының жетекшісі: 
Түркістанда өтіп жатқан түркітілді елдердің көшбасшы жастарының самимиті жастар саясатын дамытуға, ортақ мәдениет пен төл тарихымызды танытуға, жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп әрекет етуіне жол ашады. Біздің мақсатымыз да бауырлас халықтардың жастарымен бірлесіп тығыз жұмыс істеу. Екі күннен бері тәжірибе алмасып, бірлескен ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық.

Жастар саясатындағы ынтымақтастықты терең дамыту қашанда басты назарда. Бүгінде бауырлас елдердің жастарына арналған Ясауи атындағы 50 гранттың бөлінуі – білім беру саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, мәдени-ағартушылық кеңістікті кеңейтуге тың серпін беріп келеді.

Асхат Оралов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі: 
Қуантатыны тек қана мемлекеттік мекемелердің өкілдері емес, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері келе жатыр. Оннан аса адам келіп, өз ұсыныстарын 3 күнде талқылаймыз. Одан кейін міндетті түрде протокол жасалып, бірыңғай бағдарлама бекітіліп, барша түркітілдес мемлекеттердің үкіметтеріне жіберетін боламыз. Бұл жобаны пысықтаған соң біз келіскен іс-шараларды іске асырамыз деген ойдамыз.

 Жиында сонымен қатар Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі және түркітілдес елдердің бірқатар белсенді жастары сөз сөйледі. Саммит барысында түркітілдес халықтарының ортақ тарихын танытуға тың серпін беретін жобаларды қолға алып, ғылым-білім, мәдени, рухани құндылықтарды бағалауға қатысты ұсыныс пікірлер ортаға салынды.

Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу