Оңтүстікте бензин де, дизель отыны да тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстікте бензин де, дизель отыны да тапшы

21.06.2021

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында сұйытылған газ табылмай жатқанда, оған енді бензин тапшылығы қосылды. АИ-92 маркілі жанар май кей бекеттерде мүлдем жоқ, барында тек талонмен берілуде. Сондықтан көлік иелері күнұзаққа бензин іздеп сабылуда. Өңірлік тілшіміз Айнұр Ақбаева мәселенің себебін анықтауға тырысты.

Қазір Түркістандағы жанар май бекеттерінде жүк көліктері кептеліп тұр. Себеп, бензин де, дизель отыны да тапшы. Ал, сұйытылған газ бірнеше күннен бері жоқ. Салдарынан жергілікті жүргізушілер де, шетел асып келгендер де көліктерін қаңтарып қойған.
Бахтиер Айтилов, көлік жүргізушісі: 
Мен Ресей елінінен Тәжікстанға кетіп бара жатыр едім, алайда екі күннен бері тұрып қалдым. Жолда Қазақстан бойынша солярка жоқ. Барлық бекеттерде талон сұрайды, бізде талон қайдан болсын. Салдарынан тоңазтқыштарымыз еріп, ішіндегі тәттілер бұзылды. Ертең бұл шығынымызды кім өтейді.
Әділет Мырзабаев,  көлік жүргізушісі:
Қарабұтақтан бері қарай солярка жоқ, жолы бойы солярка іздеп келе жатырмыз. Жанармай құюға кіресің, жоқ жоқ дейді. Мына жаққа келіп едік, талон дейді. Талонды қайдан аламыз. Жететін жерге жете алмай отырмыз. Клиенттер звондап жатырм, машина қайда деп. Қашан не болатынын ешкім ештеңе айтпайды.
Түркістан облысының бірнеше бекеттерінде осы жағдай. Тығырыққа тірелген жүргізушілер бекет қожайындарынан сұрап білуге тырысқан. Алайда ешкім мардымды жауап бермей отыр дейді.
Жәнібек Ошақтаев,   көлік жүргізушісі:
Директорына шейін звондадым, директоры айтып жатыр мен ештеңе шеше алмаймын зауыт бермей жатыр дейді. 
 Ал, Шымкентте дизель отыны мүлдем жоқ есепті. Жүргізушілер соңғы бір аптада жағармай іздеп сенделіп кеттік дейді.
Айдархан Нұрбаев, көлік жүргізушісі:
Қазір 8 заправканы көрдім. Сегізінде де солярка жоқ. Соңғы заправка осы Петро. Бұл жерде солярка жоқ. машина өшіп қалды, міне тұрмыз. Қазір бір апта болды солярка жоқ деп жатқанына.
Еліміздің энергетика министрлігінің өкілдері болса дүрлігудің қажеті жоқ деп отыр. Айтуларынша бәріне себеп болған Шымкент мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстары жуырда ғана аяқталған. Яғни 13 маусымнан бастап бензин өндірісі жанданып, 16 маусымнан дизель отынының өндірісі қалпына келтірілген көрінеді. Бірақ, тасымал мәселесі әлі шешіліп жатыр.
Талғат Құрманбаев, ҚР Энергетика министрлігі мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті директорының міндетін атқарушы:
Сонымен қатар, ЖЖМ-ды темір жол көлігімен уақтылы жөнелту мәселелері де болды, қазір «ҚТЖ» ҰК» АҚ-пен бірлесіп, оңтүстік өңірлерге басым жөнелтуді жеделдетудеміз.тБарлық МӨЗ тәулік сайын мұнай өнімдерін өндірумен және ішкі нарыққа жөнелтумен штаттық режимде жұмыс істейді.
Жағдайдың қашан тұрақталатынын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды. Есесіне такси жүргізушілері қызмет ақысын қымбаттатып, басқа тұтыну тауарларының да бағасы көтерілген.
Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу