Алматы облысындағы этномәдени бірлестіктер ауқымды жұмыстар атқарып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы этномәдени бірлестіктер ауқымды жұмыстар атқарып келеді

18.06.2021

Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-шы сессиясында ел бірлігін нығайтуға бағытталған бірқатар жұмыстар белгіленген болатын. Жер жәннаты Жетісу өңірінде бұл бағытта не істеліп жатыр? Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Алматы облысына іс сапармен барып, атқарылып жатқан шаралармен және өңірдің алдағы жоспарларымен танысты.

Талдықорғандағы жастарға қызмет көрсету орталығы өңірдегі жас буынның мәселелерін қарастырып қана қоймай, ұлтаралық татулық пен халықтар достығын насихаттауда да белсенді жұмыс атқаруда. Биыл облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы жүзге жуық қайырымдылық шара ұйымдастырған. Сондай-ақ «Мен қазақша сөйлеймін», «Отыз игі іс», «Біз біргеміз» жобалары өзге өңірлерге үлгі болып отыр.

Руфина Усанова,  «Жаңғыру жолы» өңірлік жастар қозғалысының төрайымы: 
Пандемияға байланысты былтырдан бастап біз көбінесе қайырымдылық шаралар өткізе бастадық. Ол көп балалы аналарға арналған көмек көрсету. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Ардагерлерге, соғыс ардагерлеріне арналған қайырымдылық шаралар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі Жетісу жерінде қаланды. Өңірдегі этномәдени бірлестіктер өз ұлтының құндылықтарын сақтап, тілі мен ділін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Бұл басқосуда жетісулықтар ұлы дала мәдениетін насихаттауға күш салу туралы ой қозғады. Алдымен қазақ тілін үйретуге басымдық бермек. Жиын барысында этномәдени орталықтардың «Қоғамдық келісім» және «Аналар кеңесінің» ұсыныстары мен талап тілектері тыңдалды.

Марат Әзілханов,  Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары: 
ҚХА белсенділері институттары белсенді өте қомақты жұмыс жасап жатыр екен. Осының барлығы айналып келіп, біздің өзіміздің жалпы ортақ үйіміз Қазақстандағы тұрақтылық пен келісімнің негізін қалап әрмен қарай жалғастырып жатыр.

Қоғамдық институт өкілдерінің жиыны Панфилов және Ұйғыр аудандарында жалғасады. Үздік жобалар мен бастамалар іріктеліп, республика деңгейінде насихатталмақ.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу