Елді мекендерді сапалы интернетпен қаматамасыз ете алмаған мобильдік операторларға енді қатаң шара қолданылады. Қарағанды облысындағы Баймырза ауылына әдейілеп барған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мұндағы интернет байланысының нашарлығын сынға алды. Облыс орталығынан небәрі 60 шықырым жерде орналасса да, ауыл тұрғындары кеңжолақты интернетке қол жеткізе алмай келеді.
Баймырза ауылында 3G деп қойылған интернеттің сапасы министрдің көңілінен шықпады. Ауылдағы 2 мыңнан астам тұрғын аты бар да заты жоқ байланыстың игілігін көре алмай, зар боп жүр. Әсіресе карантин кезінде онлайн сабақ оқыту мәшақат болды ,-дейді жұрт.
Гүлшат Насырова, ауыл тұрғыны:
Интернет өте төмен. Өткенде онлайн оқыған кезде көп ата-аналар қиналды. Қазір енді цифрлық заман болғандықтан интернет қажет деп ойлаймын. Бұл енді шалғай жатқан ауыл емес қой. Астананың жолының бойында жатқан ауыл.
Министрлік бекіткен нормаға сәйкес мұндай 3G интернеттің жылдамдығы қарапайым веб парақтарды ашу үшін секундына кемінде 1 мегабит болуы тиіс. Алайда елордадан арнайы құралын арқалап келген мамандар ауылда оның жоқтығына көз жеткізді.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Ол елді мекенде интернет сапасы бір ғана операторда орташа деңгейде деуге болады. Бірақ қалған екі оператордың қызмет сапасы мүлде төмен. Тиісті тексеріс жұмыстарын жүргізіп, оларға, мобильдік операторларға бұл ыңғайсыздық бойынша айыппұл жариялайтын боламыз.
Енді осындай сапасыз қызметі үшін жауапты компанияларға қатаң шара қолданылады. Министр интернет байланысының «Е-өтінім» жүйесін тексеріп, Қарағандыдағы IT-хабқа да барды. Мұнда мамандармен кездесіп, пікір алмасты. Өңірде олардың қауымдастығы жақсы дамыған. Алды дүниежүзіне белгілі компанияларда, шетелдерде қызмет істеп жүр. Осы сабақтастықты үзбеу мақсатында өңірде IT мектебін ашу қажет деді,-министр.
Руслан Нұрланұлы