Қытай: Бүгін жергілікті 3 астронавт ғарышқа аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай: Бүгін жергілікті 3 астронавт ғарышқа аттанды

17.06.2021

Бүгін Қытай жергілікті уақытпен сағат 9-дан 22 минут кеткенде өзі салып жатқан ғарыш станциясына бірінші рет үш астронавт аттандырды. 56 жастағы Ние Хайшэн, 54 жастағы Лю Бомин және 45 жастағы Тан Хунбо «Ұзақ марш» атты зымыранға бекітілген «Шэнь-Чжоу-12» кемесімен Ганьсу провинциясындағы космодромнан ұшты. Бұл экипаж - келесі жылдың соңына дейін Қытайдың ғарыш станциясының құрылысын аяқтауы тиіс төрт миссияның бірінші легі. Олар жоспар бойынша орбиталық бекетте үш ай жұмыс істеп, станцияны кеңейтіп, онда екі зертхана модуліне арналған орын дайындаумен айналысады. Қытай 2003 жылдан бері космосқа 11 астронавт ұшырып, Ай мен Марсқа бірнеше зонд жіберген. АҚШ Бейжіңнің ғарыш бағдарламасын құпия әрі әскермен байланысты деп есептейді. Сондықтан, Вашингтон қытайлықтардың қазіргі орбиталық станция жұмысына қатысуына қарсы болып, оларды Ресеймен ынтымақтасуға мәжбүр етті.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу