Оралда 500 отбасы үйсіз қалуы мүмкін. Себебі, консерві зауытының аумағында салынған көпқабатты 5 үйдің құрылысы заңсыз деп танылды. Бір жыл бұрын тапсырылған тұрғын үйлердің бірінде қазір 100 отбасы тұрып жатыр. Миллондап қаржы салған жұрт енді жоғары сотқа жүгінбек.
Циолковский көшесіндегі су жаңа үйлер бұзылуы мүмкін. Себебі, құрылыс зауыттың санитарлық аумағына кіріп кеткен деген соттың шешімі бар. Кәсіпорыннан шығатын жағымсыз иіс пен шу көптің мазасын қашыруы мүмкін. Ал қоныстойын енді тойлаған жұрт зауыттан зиян жоқ деп азарда –безер.
Ләззат Намазов, тұрғын:
Бес үйде бос пәтер жоқ қазір. Барлығы сатылып кеткен. 500 отбасын қаңғытып қоймайтын шығар. Таза тапқан еңбекақымыз. Еңбек жасап келіп, ақшамыздың бәрі осылай сносқа кетеді деген енді…
Зауыт пен құрылыс компаниясы арасындағы даудан зардап шеккен тұрғындардың дені баспананы несиеге алған. Бір қызығы, жаңа қоныстың іргесінде 50 жыл бұрын салынған ескі үйлер де тұр. Оларды заңсыз деп жатқан ешкім жоқ дейді наразы топ.
Абзал Құспан, адвокат:
Жоқ санитарлық аймақ. Жоқ нәрсені сот басшылыққа алып, болашақта «Кублей» ЖШС-нің құқығын бұзуы мүмкін дейді. Бүгін біз «Кублейден» «жоқ, біз халыққа тиіспейміз, оларды үйден қуып шықпаймыз, мына үйлерді сносқа жібермейміз» деген жауап естімедік. Бірақ олар соны істейін деп отыр. Ол бізге белгілі.
Гүлфия Қалиева, консерві зауытының заңгері:
«Кублей» ЖШС-нің үйді бұзу туралы талап арызы жоқ. Бұл тұрғындар мен құрылыс компаниясы арасындағы мәселе. Біз құрылыстың заңсыздығы жайлы, оның мақсатын өзгеру туралы қалалық әкімдікті сотқа беріп, жеңіп шықтық.
Ал, көшіп алған жүздеген тұрғын енді не істерін білмей дал. Бар үміт - жоғарғы соттың шешімінде.
Ардақ Мұратқызы