Елімізде ковидке қарсы тағы бір жаңа вакцина клиникалық сынақтан өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ковидке қарсы тағы бір жаңа вакцина клиникалық сынақтан өтіп жатыр

16.06.2021

Елімізде ковидке қарсы тағы бір жаңа вакцина клиникалық сынақтан өтіп жатыр. «QazCoVac-P» деп аталатын екпені Қордай ауданындағы «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» әзірлеген. Отандық ғалымдар жаңа препараттың I және II фазасын сынап көрмек. Зерттеу жұмыстары сәтті аяқталса вакцинаның екінші түрі өндіріске енеді.

Сәбит Әлдебай, тілші: 
 Жаңа вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу жұмыстары мына біз тұрған қалалық көпбейінді ауруханада жүргізілмек. Алты айға созылатын сынаққа 244 ерікті қатыстырылмақ. Қазір мұнда волонтерларды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Ақысы төленетін алғашқы клиникалық сынаққа қатысуға отызға жуық адам өтінішпен келген.Оларға 200 мың теңгеден өтемақы беріледі. Бірақ, қала тұрғыны Рита Омарова қаржы үшін емес, ауру жұқтырмаудың амалын іздеп келдім дейді.

Рита Омарова,   қала тұрғыны:
Осы биылғы басталған вакцинацияның арқасында беті қайтты деп ойлаймын, оған өзіміздің де көптеген дәлелдер бар ғой, сондықтан да екінші түрі осы дегеннен кейін осы жолы өзі еркімізбен келіп салғызуға және үйдегі салғызбаған туған-туысқандарымды салдыруға шақырамын.

Сынақ екі фазада өтеді. Оған 18 бен 50 жас аралығындағылар ерікті түрде тартылып жатыр. Вакцина салынбас бұрын әрбір тұрғын жіті медициналық тексерістен өтуі тиіс.

Нұрлан Әбілдаев,   қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:
Өйткені оларда созылмалы аурулар болады. Одан соң диспансерде тұрған –тұрмағандығын тексеріп, одаң соң барып қана вакцинаны қолдануға ұсыныс жасаймыз.

Ғылыми институт мамандары вакцинада тірі вирус қолданылмағанын айтады. Оны адамдарға салмас бұрын тышқан мен маймылдарға сынап көрген. Олар жеңіл өткеріпті. Ал адамдар ағзаға түскен препаратты әр түрлі көтеруі мүмкін. Оған әлеуметтік орта, иммунитет пен климат та әсер етеді.

Берік Хайруллин,   Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері:
Клиникалық зерттеудің бірінші фазасы аса маңызды. Бұл препараттың қауіпсіздігі мен нәтижелілігін анықтауға мүмкіндік береді. Алдын ала болжам бойынша бұл екпе біріншісінен де жеңіл болады деп күтілуде. Сондықтан барлығы алдағы жұмыстардан кейін белгілі болады.

Жаңа препарат 44 еркітінің бәрі жиналған соң бірінші кезеңде сынақтан өткізіледі. Екпенің арасы 21 күн. Ал, екінші фазада вакцинаны 200 еріктіге егу жоспарланған.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу