Азық-түлік бағасын қолдан өсірушілерге бақылауды күшейту қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азық-түлік бағасын қолдан өсірушілерге бақылауды күшейту қажет

16.06.2021

Баға бақылаусыз қалды. Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауына сараптама жүргізу қажет. Бұған қоса, жеткізіп беруші мен сатушынның бағаны қолдан өсіруіне қарсы шараларды ширату керек. Бүгін Мәжіліс отырысында аталған мәселе көтеріліп, бағаны тұрақтандыруға қатысты ұсыныстар айтылды.

Депутат Аманжан Жамаловтың айтуынша, соңғы 4 айда монополияға қарсы қызмет органдары тауар өндірушілер мен жеткізіп берушілерге 48 ескерту жасаған. Бірақ нәтиже жоқ. Олар бағаны қолдан қымбаттады деген күдікке іліккен.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін нақты шараларды қолға алу керек деп есептеймін. Монополистерді қатаң бақылауға алу қажет. Жақында Ресейдің Премьер-министрі бағаның шарықтауын өндірушілердің сараңдығымен байланыстырған болатын. Бізде де солай. Бәсекелестікті қорғау агенттігі қайда қарап отыр?

Ұлттық банктің ақпараты бойынша, бір жылдағы инфляция деңгейі 7,2 пайыз. Бірақ, дүкен сөресіндегі жағдай басқаша. Баға бақылаудан шығып, аспандап кеткен.

Статистикаға сүйенсек, соңғы 12 айда елімізде жұмыртқа 33,7 пайызға, күнбағыс майы 48, қант 26,3 пайызға, қарақұмық жарнасы 29,4 пайызға қымбаттаған.

Мәжіліс қабырғасында аймақтардағы қуаңшылық та айтылды. Қазір онсыз да тарығып отырған ауылдарда жем-шөп тапшы. Барының бағасы қымбат. Сондықтан, Мағыстау мен Қызылордаға мал азығын жеткізудегі жол шығындарын субсидиялау маңызды. Мәселен, қазір Маңғыстауда бір түк шөптің бағасы 17 мың теңге. Ал 1 келі арпаның бағасы 95 теңгеге жеткен.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қалыптасқан жағдайға байланысты жұт жайлаған аудандар мен аймақтарда шұғұл түрде жергілікті дәрежедегі төтенше жағдай жарияланып, оларға тиісті бюджеттік көздерден және материалдық қорлардан нақты көмек көрсетілуі тиіс. 

Депутат қиындыққа тап болған өңірлерге көрші облыстардан уақытша жайылым алқаптары мен жем-шөп дайындауға жер телімдерін беруді ұсынды. Ал жергілікті билік болашақта малшыларға көмек беру үшін дайындық шараларын алдын ала пысықтаулары қажет. 

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу