Қордайдағы жол апатынан зардап шеккен 9 адам ауруханада жатыр

22.04.2019

Қордайда жантүршігерлік жол апатынан жарақат алғандар облыс орталығына жеткізілді. Қазір ауруханада жатқан 5 азаматтың жағдайы ауыр деп бағалап отыр. Науқастардың екеуі Өзбекстан, тағы біреуі Тәжікстан азаматы, қалған қос азамат - қазақстандық.

Ал, бұдан бөлек тағы 4 адам Қордай аудандық орталық ауруханасында жатыр. Олардың біреуі – Өзбекстан азаматы. 9 адам тұрғылықты жеріне байланысты емделуге Алматыға, ал, 4 адам Шымкентке кетті. Өзбекстан елінде емделуге тағы 9 адам қайтарылған. Зардап шеккендар арасында балалар жоқ.

Валия Дуссаев, Тәжікстан азаматы:

- Шырт ұйқыда жатқанбыз. Қатты соққыдан не болғанын білмей қалдық. Жанымда екі жолдасыммен үш адам Тәжікстаннан Алматыға жол тартқанбыз. Жеңіл жарақат алған жолдас балам елге қайтты. Ал, тағы бір отандасымның иығы сынып, осында жатыр. Жағдайын тұрақты деп отыр. 

Марат Жұманқұлов, Жамбыл облыстық ДСБ басшысы:

- Жамбыл облысы емдеу-сауықтыру мекемелерінде бүгінгі таңда 9 науқас жатыр. Оның төртеуі Қордай аудандық ауруханасында, төртеудің біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ол науқастың жағдайы ауыр, бірақ бірқалыпты. Қалалық ауруханада 5 науқас жатыр. Бүгін тағы жансақтауда жатқан екі науқас бөлімшеге ауыстырылды.

Айта кетейік, жол апаты сенбі күні 04:00 шамасында Алматы-Ташкент тасжолының 181-ші шақырымында болды. Желдей жүйткіген Toyotа Camri өзімен бір бағытқа бет алған Mersedes-Bens жүк көлігінің артына кіріп кетеді. Салдарынан жеңіл көліктің жолаушысы оқиға орнында опат болды. Сол сәтте Шымкенттен Алматыға бет алған Van Hool автобусы апатқа ұшыраған көлікті айналып өтпек болып, аударылып кетті. Автобустағы 46 адамның 11-і көз жұмды. Апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүруде.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу