Жамбыл облысында ірі жол апатынан 11 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында ірі жол апатынан 11 адам қаза тапты

22.04.2019

Алматы-Ташкент автожолының 181-шақырымында Toyota жеңіл көлігі жол жиегінде тұрған жүк машинасына соғылған. Салдарынан жеңіл автокөліктегі әйел адам қайтыс болған. Сол сәтте Шымкент қаласынан Алматыға бағыт алған жолаушылар автобусы қақтығысқан көліктерді айналып өтпек болып, аударылып кеткен. Толығырақ оқиға орнына барып қайтқан тілшіміз Нұрхан Нұрланұлы баяндайды.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

- Жарақат алғандар Қордай ауданының орталық ауруханасына жеткізілген. Олардың қатарында өзбек, тәжік азаматтары да бар. Оларға мединицалық, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жансақтау бөліміне 3 науқас жатқызылған. Ал, қалғандарының жағдайы орташа.

Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының тарапынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 7 жедел-жәрдем бригадасы қосымша шақыртылған. Бүгінгі таңда 6 науқас тұрғылықты жеріне амбулаторлық емге жіберіліп, 3 науқас емін жалғастыруға санитарлық тікұшақпен Тараз қалалық ауруханасына жеткізілген.

Марат Жұманқұлов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жол апатынан зардап шеккен 30 азамат аудандық ауруханаға түсіп отыр. Оның 19-ы ауруханаға жатқызылды. 11-і амбулаторлық емге жіберілді. 19-дың ішінен түскен үшеуі жансақтау бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы ауыр болатын. Бір науқасқа ота жасалды, ішкі ағзаларына зақым тигеніне байланысты.

Toyota автокөлігіндегі әйел адам Отардағы гвардиялық медициналық госпитальде жан тапсырған. Ал, автобуста жалпы саны 46 жолаушы болған. Олардың 8-і оқиға орнында, екеуі ауруханаға жетпей көз жұмды. Жолаушылар жантүршігерлік апат кезінде ұйықтап жатқандықтан, жағдайдың қалай болғанынан хабарсыз.

Қаза тапқан шетел азаматтарының денесі елдеріне жеткізіледі. Ол үшін арнайы жедел штаб құрылған. Айта кетейік, шетелдіктердің көбі Қазақстанға жұмыс іздеуге, енді бірі қонаққа шыққан.

Әзірге апаттың нақты не себептен болғаны белгісіз. Дәрігерлердің сөзінше, автобус жүргізушісінің жағдайы орташа. Жантүршігерлік оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу