Словактар, сербтер, венгрлер Чехияға шектеусіз кіре алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Словактар, сербтер, венгрлер Чехияға шектеусіз кіре алады

15.06.2021

Бұдан былай Ресейдің «Спутник V» және Қытайдың «Синофарм» вакциналарын салдырған словактар, венгрлер, сербтер Чехия аумағына ешқандай шектеусіз кіре алады.

Мұны чехтың денсаулық сақтау министрі Адам Войтех мәлімдеді. Оның сөзінше, маусымның 21-нен бастап, Еуропа одағының өзге елдерінің екпе алған немесе коронавирусқа тест тапсырып, теріс нәтиже көрсеткендер де Чехия территориясына ене алады.

Ал, Жапонияда бейсенбіден бастап жасы 65-ке толмағандарды вакциналау науқаны басталуы мүмкін. Мұны «Киодо» агенттігі хабарлап отыр. Оның дерегінше, осыған дейін елде қарттарға ғана ковидке қарсы иньекция егілген.

Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде көптен бері коронавирус жұқтыру оқиғалары азайып келеді. Бұны осы органның басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Женевада өткен баспасөз маслихатында хабарлады.

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік ДЕНСАУЛЫҚ сақтау ұйымының басшысы:
Ғаламдық жағдайда келсек, COVID-19-ды жұқтыру оқиғаларының саны жеті апта бойы төмендеп келеді. Бұл - пандемия кезіндегі апталық құлдыраудың ең ұзақ мерзімі. Бірақ, өлім саны өткен аптадағы көрсеткіштерге ұқсас болып тұр. Әсіресе, Африкадағы ахуал күрделі. Өйткені, бұл аймақта вакциналарға, диагностикаға және оттегіне қол жеткізу өте қиын.

Сонымен қатар, Ауғанстан астанасында да пандемия күшейді. Кабул госпитальдерінде коронавирусқа шалдыққандарды қабылдайтын орын қалмаған. Және де қалада оттегі цилиндрлерін дер кезінде толтыру қиынға соғып отыр. Ал, өткен тәулікте бұл елде 1650-ге жуық адам коронавирус жұқтырып, 78-і қайтыс болған.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу