Асқар Мамин жұртты екпе алуға ынталандыруды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин жұртты екпе алуға ынталандыруды тапсырды

15.06.2021

Премьер-Министр жұртты коронавирусқа қарсы екпе алуға ынталандыруды тапсырды. Өйткені вакциналау қарқыны төмен. Әсіресе Маңғыстау, Қостанай облыстарында екпе алушылар аз.

Елде эпидахуал тұрақты. Бір аптада індет жұқтыру дерегі 16 пайызға азайған.

Бірақ ТМД аумағында ауру өршіп тұр. Әсіресе Ресейде covid-ке шалдыққандар бір жарым есе артқан. Көршілес ел болған соң, коронавирустың елімізде де күш алу қауіпі бары түсінікті. Сондықтан індетке төтеп беру үшін, ұжымдық иммунитет қажет. Бірақ екпе егу жұмыстары қайта бәсеңдеп қалған.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 
Вакцинаның 1-компонентін егу бойынша ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау облысында 13,2 пайыз. Қостанай облысында 19,5 пайыз. Ал 2-компонентпен ең төменгі қамту Маңғыстау облысында 7,3 процентке тең. Облыстардың, қалалардың әкімдері халықты коронавирусқа қарсы екпемен қамтуды жеке бақылауға алып, халықты қосымша ынталандыру тетіктерін арттыруы және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет.

Қазір ел азаматтарына 4 млн доза вакцина егілді. Оның 2,5 миллионы бірінші компонент, бір жарым миллионы екінші компонент. Премьер-Министр екпе егу жұмыстарын ширату үшін жұртты вакцина алуға ынталандыру керек деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауы қажет. Бет перде режимін сақтауда әсіресе ғимараттың ішінде мониторингтік топтардың жұмысын жандандырсын. Өздеріңізге белгілі аймақтағы мемлекеттерде аурудың өршуі байқалады қазіргі таңда. Сондықтан қосымша алдын алу шараларын қабылдау қажет. Бірінші кезекте бұл вакцинамен қамтуды ұлғайту.

Әрі әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ашық жобасының қолданыс аясын кеңейтуі қажет. Барлық әуежай мен темір жол бекеттерінде қосымша жұмыс істеуі тиіс. Айта кетейін, ашық жобасы қосылғалы, індетке шалдыққан төрт жарым миллион және карантинде жатуы тиіс 4 млн адамның емін-еркін жүргені анықталған. Қазір мұндай азаматтарға айыппұл салынып жатыр.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу