Қарағанды облысында шалғайдағы елді мекен тұрғындары екпе алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында шалғайдағы елді мекен тұрғындары екпе алып жатыр

15.06.2021

Қарағанды облысында ең шалғай орналасқан елді мекен тұрғындары екпе алып жатыр. Облыс орталығынан 600 шақырым қашықта орналасқан Приозерск қаласында бүгінге дейін 2200 адам вакцина салдырған. Ал, жалпы өңір бойынша 116 мың адам екпенің екі компонентін де алып үлгерді. Шалғай елді мекендердегі екпе салу жұмыстарына тілшіміз Руслан Нұрланұлы көз жеткізіп қайтты.

Гүлзада Махутова қаладағы медициналық мекемелердің бірінде жұмыс істейді. Көпшілікпен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан вакцина алуға, ерікті түрде келген. Қауіпті індеттен қорған болар жалғыз жол осы,-дейді. Екпе кабинетіне келіп өзі қалаған араб-қытай бірлескен препаратын салдырды.

Гүлзада Махутова, Приозерск қаласының тұрғыны:
Бірінші компонентін алып жатырмын. Өзімді жақсы сезініп отырмын. Дәрігерлерге рахмет, осылай жағдайымызды жасап, ауырмасын деп елге екпе салып жатқанынан. Әркім өзінің денсаулығын күту керек қой. Өзім келіп алып жатырмын.

Приозерск қаласында қазір 13 мыңнан астам тұрғын бар. Жаппай иммунитетті қалыптастыру, індеттен қорғану үшін кемінде 6,5 мың адам вакциналаудан өтуі керек. Мамыр айынан бері 2200 адам екпе салдырған. Соның 1225-і екі компонентін де алды. Маңайдағы Сарышаған, Тасарал елді мекендерінің тұрғындары да жылжымалы пунктер арқылы қамтылып отыр. Вакцина алғандар арасынан тек 20 адам ғана түрлі симптомдармен хабарласқан.

Гүлбаршын Моңдыбаева, емхана меңгерушісі:
Ол күнделікті тұмау кезіндегі, вирустық-инфекциялық кзінде болатын, сондай белгілер болды. Температураның көтерілуі, дененің қалтырауы, сүйектің қақсауы деген сияқты ондай симптомдар кездесіп тұрды.

Жалпы облыс бойынша барлық 9 қала мен 9 ауданда екпе кабинеттері бар. Олардың жалпы саны-115. Шалғай елді мекендерді, көпшілік қоғамдық орындарды жылжымалы вакциналау пункттері аралап жүр. Мобильді топтардың әрқайсы күніне 35-50 адамға дейін екпе салады. Өңірдегі 173 мыңнан астам адам екпенің бірінші, ал 116 мыңы екі компонентін де алып үлгерген.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу