Ақмола облысындағы ұн шығаратын кәсіпорындар жабылып қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы ұн шығаратын кәсіпорындар жабылып қалуы мүмкін

14.06.2021

Ақмола облысындағы ұн шығаратын кәсіпорындар жабылып қалуы мүмкін. Сол себепті мемлекеттен көмек сұрайды. Өңірдегі диірмендердің көбі орналасқан Атбасардағы 9 нысанның қазір 5-уі тоқтап тұр. Ал қалғандары тек шамамен 10 пайыз жүктемемен жұмыс істейді. Оның басты себебі - шикізаттың, яғни бидайдың экспортқа кетуі. Қазақстандағы диірмендер жылына 11 миллион тонна бидай өңдеуге қауқарлы. Бірақ ұн шығаратын кәсіпорындар 4 миллион тонна шамасында ғана шикізат өндейді. Қалғаны шетел асып жатыр. Ал ұн экспорты, керісінше, азайып кеткен. Тек ақмолалық кәсіпорындар ғана емес, еліміздегі барлық диірмендер осындай қиындықтарға тап болған, дейді кәсіпкерлер. Айтуларынша, осылай жалғаса берсе, ұн шығаратын зауыттардың барлығы жұмысын тоқтатады. Сондықтан белсенді топ мәселелерді тізбектеп мемлекет басшысына ұжымдық хат жолдады.

Дин-Магамед Асаев, Атбасар аудандық диірменшілер қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Бізде шикізатты, яғни бидайды сату басым. Ал ұн экспорттасақ, әлдеқайда тиімді. Өзбекстан, Тәжістан диірмендер салды. Біздің бидайдан ұн жасап, басқа мемлекеттерге сатып отыр. Ол жақта еңбек күші, электр энергиясы арзан. Біздің ұнның тасымалына жоғары тариф қойған. Нәтижесінде біз нарықты жоғалтып жатырмыз. Министрлікке де, Парламентке де жаздық. Өзгеріс жоқ. Енді Президентке хат жолдап отырмыз.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу