Қарағанды облысындағы туристік нысандардың табысы 50%-ға азайып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы туристік нысандардың табысы 50%-ға азайып кеткен

14.06.2021

Қарағанды облысының Приозерск қаласында туризм бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандардың жағдайы мүшкіл. Пандемия салдарынан Балқаш көлінің жағасында орналасқан шағын шаһардағы демалыс орындары, қонақ үйлер, шипажайлар бос тұр.

Алмагүл Әбілдинова - қаладағы ең үлкен заманауи қонақүйдің иесі. 2018 жылы «Даму» бағдарламасы арқылы 50 миллион теңге несие алып, осы нысанды іске қосқан. Бастапқыда мұнда 30 адам жұмыс істеген. Пандемияға байланысты келушілер мүлдем азайып, персоналды екі есеге қысқартуға тура келген. Сәйкесінше табыс болмай, несиені төлеу де қиындап кеткен.

Алмагүл Әбілдинова, кәсіпкер:
Каникул берілгенмен ол сумма азаймайды. Ол одан сайын көбейе береді. Уақыты қысқарғанмен төлейтіні көбейіп жатыр. Орындар , жұмыс көзін ашып, қаланы көркейтеміз деген адамдарға, соларға бір қолдау көрсетсе екен деп үміт артамыз.

Биыл қалада туризм бағытында 160 миллион теңгеге жуық қаржыға 5 жоба жүзеге асырылмақ. Соның бірі осы демалыс орны жақында ашылуы тиіс. Алайда бизнес бірден аяққа тұрып кете алмас.Десе де талапқа бағынып, аз табысқа күн көруге тура келеді, дейді кәсіпкер.

Дария Сейтен, кәсіпкер:
Қонақтар үшін вакцина салынған-салынбағанын тексереміз. Бүкіл құжаттарын тексереміз, ПЦР алынса оны да тексереміз. Сол карантинге байланысты жұмыс істейміз.

2011 жылдан бері Приозерскіде туризмді дамыту бағытында қыруар қаражат бөлініп, жыл сайынғы кіріс 10 пайыздан жоғары болған. Ал демалушылардың саны 2018-2019 жылдары 8-9 мыңға дейін жеткен. Қазір жағалаудан бірді-екілі адамды ғана көресіз.

Ахан Жүсіпов, Приозерск қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Салыстырмалы түрде тоқталатын болсақ, 2019 жылы туризм саласынан түскен түсім 100 миллионнан асқан құрады. Тек 2020 жылы шектеу іс-шараларына байланысты 50 пайызға дейін түсіп кетті.

Қалада ірілі-ұсақты 7 қонақүй және басқа да демалыс орындары бар. Бірақ бүгінде олардың барлығы дерлік бос тұр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу