EURO 2020 матчтарына билеттерді сатып алуға 19 млн өтініш түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EURO 2020 матчтарына билеттерді сатып алуға 19 млн өтініш түскен

11.06.2021

Еуропа чемпионатын қай елдер, қандай қалалар қабылдайды, ал стадиондарға қанша адамның кіруіне рұқсат және сатылған билеттердің саны қанша? Бұл тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

2021 жылдың жартысына таяп қалсақ та, «Қарт құрлықтың» негізгі футбол турнирі EURO 2020 деген атаумен өтейін деп жатыр. Ал, бүгін Римде Лондон уақытымен 19:00-де басталатын бірінші матчты тамашалау үшін мына стадионға 16 мыңдай фанат жиналады деген болжам бар. Чемпионатты 10 елдің 11 қаласы қабылдайды.

Солардың қатарында Италияның Римі, Әзірбайжанның Бакуы, Данияның Копенгагены, Ресейдің Санкт-Петербургы, Нидерландының Амстердамы, Румынияның Бухаресті, Венгрияның Будапешті, Германияның Мюнхені, Испанияның Севильясы, Ұлыбританияның Лондоны мен Глазгосы бар.

EURO 2020-ның «Біз - адамдармыз» деген ресми әнін голландиялық диджей әрі продюсер Мартин Гаррикс жазып, оның клипі мамырдың 13-де Уэмбли стадионының қабырғасында көрсетілді. Гимнді орындаған Боно және The Edge тобы.

Мартин Гаррикс, Голландиялық диджей және продюсер:
УЕФА турнирге арнап музыка жазуды ұсынғанда бұған сенбедім. Кейін, өтініш расталғанда біршама мазасызданып, толқығаным бар. Олар маған сенім артқаны үшін алғыс айтқым келеді.

EURO 2020 билеттеріне сұраныс соңғы онжылдықтағы барлық рекордты жаңартты. Екі миллион ресми билетке 19 миллионнан астам өтініш түсіпті. Нарықта жалған сатушы көбейіп кетті. Сондықтан, УЕФА билетті тексерілген сайттардан ғана алуға кеңес беріп отыр. УЕФА-ның өзге бір ережесіне сәйкес, чемпионаттың топтық кезеңінде стадиондарға кемінде 50 мың адам сиюы керек. Ал, ширек финалда 60 мың, ақтық матчты тамашалауға 70 мың кіргені абзал.

Даниэль Фронгия, Римнің EURO 2020 жөніндегі төтенше комиссары:
Стадионға кімдер кіре алады? Әрине, коронавируспен ауырып, сауығып кеткен кез келген адам, ойыннан кем дегенде 15 күн бұрын вакцина алғандар және матчқа дейін 48 сағат ішінде вирусқа тест тапсырып, теріс нәтиже көрсеткен жанкүйерлер. Хаттаманың талабы осындай.

УЕФА-ның сайтында Венгрияда, Әзірбайжанда, Ресейде билеті бар фанаттар үшін чемпионат барысында карантиндік шектеулер доғарылады деп айтылған. Дегенмен, осы ұйымның өзге бір мәлімдемесінде билеттің болуы көрерменді қандайда бір елдің эпидемиялық ережелерінен босатпайтыны да ескертілген.

 Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу