ШҚО кәсіпкерлері жазықсыз жала жабылғанына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО кәсіпкерлері жазықсыз жала жабылғанына наразы

11.06.2021

Бүгін Шығыс Қазақстандық кәсіпкер Серікжан Айкелев пен қарамағындағы адамдардың жалған сынына қалған бизнес өкілдері Алматыда бас қосып, бар шындықты жайып салды. Олар Айкелевке қатысы бар компаниялар мемлекеттен қыруар қаржы алғанына қарамастан, биліктен тағы субсидия талап еткеніне наразы. Жиналғандар аталған азаматтардың әкімдік пен өңірдегі беделді компаниялардың атына кір келтіріп, фейк парақшалар арқылы жалған ақпарат таратқанын айтады. Тілші Нұрхан Нұрланұлы толықтырсын.

Шығыс Қазақстандағы ірі әрі тәжірибелі кәсіпорын иелері өздерін айыптаған Айкелевтің қарамағында бірнеше кәсіпорын барын, бірақ шетінен шығынға батқанын айтады.

Солардың бірі – жолаушылар тасымалдайтын SEMEY BUS кәсіпорнының қарызы 2 миллиард теңгеге жеткен. Салық төленбеген, жұмысшылар жалақысыз қалған. Заңды міндеттерін орындамағаны үшін мемлекеттің көмегінен қағылған мекеме бұған өзге кәсіпкерлерді кінәлап, бірнеше рет жала жапқан.

Дмитрий Сомов, кәсіпкер:
Бізді билікке жақын, конкурстардың 75 пайызын жеңіп алады деп айыптады. Бірақ, өңірде қанша тендер өткізілгені, кімнің қанша жоба алғаны туралы ақпарат порталдарда анық көрсетілген. Мәселен, біздің компания 20 жыл бұрын құрылған. Қажырлы еңбектің нәтижесінде аяққа тұрып, ірі кәсіпорынға айналдық. Соған қарамастан, соңғы 5 жылда өткен 170 конкурстың 24-ін ғана жеңіп алдық.

Серікжан Айкелев пен қарамағындағылар мемлекет басшысынан да көмек сұраған. Соның салдарынан тексеру көбейіп, жұмысымызға кедергі келтіріп отыр, дейді бизнес өкілдері.

Лұқбек Тұмашинов, кәсіпкер:
Қанша салық төлеп отырмыз біз. Ол анау 15-17 фирманың біреуі  мен төлеген салықтың 10/1-ін төлеген жоқ.Шынымен қорқып тұрғанымыз жоқ. Ақталуға да келгеміз жоқ.

Тірнектеп жинаған абыройымызды, айрандай төкті деген кәсіпкерлер жала жапқандардың атына арыз жазған.

Қазір облыстық полиция департаменті қылмыстық кодекстің Көрінеу жалған ақпарат тарату бабы бойынша іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу