Патрульдік және учаскелік полицейлердің формасы ауысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Патрульдік және учаскелік полицейлердің формасы ауысады

11.06.2021

Тәртіп сақшыларының формасы ауысады. Ал, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстарды тек әйелдер тергейді. Учаскелік полицейлер болса жеке пәтер иелері копперативі және белсенді тұрғындардың чатына тіркелген. Қалалардың аса криминогендік бөліктерінде заманауи полицияның модульдік бекеттері орнатылып жатыр. Бұл құқық бұзушылықты азайтады. Бүгін сала министрі есеп берді.

Полицейлер арасында заңды белден басатындар ұсталды. Олардың көбісінің есірткі саудасына қатысы бар. Жеке-дара әрекет етеді. Жалпы, құқық қорғау органында соңғы 2 жылда ұйымдасқан қылмыстық топ тіркелмеген.

Мұратжан Шәкеров, ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары:
Қызылорда есірткілер мен заңсыз операция жасаған 15 жыл сотталды. Желілік полиция деп басшысы сотта, Тағы құрамында алтыны бар.

Ішкі істер құрылымы сондай ұры-қарыдан тазартылып жатыр. 3 жыл бұрын ауқымды реформа басталды. Саннан сапаға көшті. Тек білімді, адал мамандар қалуы тиіс.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
Қызметкерлердің штаттық саны 13 жарым мыңға қысқарды. 106 басқару бөлімдері мен 1483 басшылық лауазымдар таратылды. Бүгінде полицейлердің саны 100 мың тұрғынға шаққанда 471-ден 369-ға дейін азайды. Бұл еуропалық елдермен сәйкес келеді. Әкімшілік шығындар азайды.

Көп ұзамай тергеу 100 пайыз электронды форматқа ауысады. Ауылдардағы учаскелік инспекторлардың тапшылығы да шешілмек. Оларға көмекші қосып, сондай лауазым берілмек. Ішкі тәртіп түзелген соң сыртқы келбет өзгереді. Жыл аяғына қарай патрульдік және учаскелік полицейлер жаңа формамен шығады.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
Киімдері қызмет етуге ыңғайлы. Жаңа элементтер қосылып жатыр. Яғни, жаяу жүріп, қауіпсіздікті күзеткендіктен аяқ киімдері жайлы болады. Сондай-ақ киімі жарық шағылысатын жолақтардан тұрады. Себебі, олар жол апаты мен жайсыз оқиғаларды тексеру кезінде алыстан көрінуі керек. Бұл бір жағынан көлік жүргізушілеріне де алдын ала ескерту.

Интернеттен келер қауіп көбейіп келеді. Алғашқысы – есірткі саудасы. Жыл басынан 6 ұйымдасқан топ ұсталды. 740 сайт бұғатталды. 1700-ден аса адам қылмыстық жауапқа тартылды. Айналымнан 2 тонна есірткі алынды. Ал, кейінгі қатер – интернет алаяқтығы 2 есе өсті. Салдарынан азаматтар 67 млн теңге шығынға ұшырады. Енді мұндай қылмыстарды ашатын арнайы топ құрылды. Сондай ақ электросамокаттардың қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін. Себебі, жол қозғалысы заңында самокат көлік құралы ретінде көрсетілмеген. Сертификаты да, тоқтату жүйесі мен артқы айнасы да жоқ. Бұл адам өміріне аса қауіпті. Жол апатына душар етеді дейді құқық қорғаушылар.

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу