Солтүстік Қазақтан облысының Айыртау ауданындағы Имантау ауылы нағыз бағбандар ауылы. Елді мекенде 150 отбасы гүл өсірумен айналысады. Жасыл желекті ерекше баптайтын жандар бір жазда 6 миллион данадай гүл өсіреді. Еңбекқор жандармен Ермек Елберген кездесіп келді.
Ермек Елберген, тілші:Имантау ауылына келгенде мынадай жылыжайлар бірден көзге түседі. Бұл елдімекенді басқа ауылдардан ерекшелеп тұрған да - осы гүл өсіретін орындар. Және де мұндағы біраз үйдің жанында әдеттегідей қора-қопсы емес, осындай жылыжайларды байқауға болады.
Бірнеше жылдан бері гүл өсіруді кәсіп еткен Константин Валиевтің арнайы білімі болмаса да, гүл баптаудың қыр-сырын бір кісідей меңгеріп алған. Гүл – әсемдіктің, нәзіктіктің белгісі, сондықтан оған ерекше баппен қарау керек дейді бағбан. Көктемде еккен жасыл желек қазір жайқалып тұр.
Константин Валиев, жұмысшы:Наурыз айының басында тұқым саламыз. 3 күннен кейін әрқайсысын жеке-жеке көшет қылып егеміз. Гүл бір айда өсіп шығады. Ауа райы суық болғанда, ағаш, көмір жағып жылу береміз. Бұл гүлдердің тәулігіне бір-ақ рет суару керек. Ылғал көп болып кетсе, шіріп кетеді.
Имантаулықтар негізінен көгалдандыруға қолданылатын дала гүлдерін өсіреді. Сондықтан сауда мамыр айында қызады. Маусым кезінде гүлден нәпақасын айырған әр отбасы шамамен 2-3 млн теңге табыс тауып қалуға тырысады. Қазір ауылда гүл азайған. Көбі сатылып кеткен.
Константин Валиев, жұмысшы:Мен қазір гүлдердің кесіп жатырмын. Бұл өсімдіктің қайтадан, жайқалып өсуі үшін істеледі. Мынау гүлдер өсіп кеткен, сондықтан ешкім сатып алмайды. Кескеннен кейін 1 гүлдің орнына 3-4-і шоқ болып өседі.
Имантау ауылындағы 900-дей отбасының 150-ден астамы осы гүл өсіруді кәсіпке айналдырған. Біреуде көп, біреуде аз. Барлығы бір маусымда шамамен 6 миллиондай гүл өсіреді.
Вильнур Аминов, кәсіпкер:10-12 жыл бұрын Имантау ауылының бір тумасы осы кәсіпті ауылға алып келді. Өзі Нұр-Сұлтан қаласын көгалдандырумен айналысатын. Тұрғындарды үйретті, гүлдерді сатып алып отырды. Бұл кәсіп осылайша басталды. Қазір барлығы кәсіпкерлер атанып, дербес жұмыс істеуде. Гүл өсіру - ауылдағы бизнестің негізгі түрі.
Имантауда өсірілген гүлдер бүгінде Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау қалаларында жайқалып тұр. Өсімдіктерді негізінен осы шаһардағылар сатып әкетеді. Биылғы маусым аяқталуға жақын. Дегенмен жұмыс тоқтамайды. Тұрғындар жылыжайларды келесі жылға дайындайды.
Ермек Елберген