Арал ауданында төтенше жағдай енгізілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арал ауданында төтенше жағдай енгізілуі мүмкін

10.06.2021

Қызылорда облысы Арал ауданында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай енгізілуі мүмкін. Шешім бір аптаның ішінде белгілі болады. Бұл туралы аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова арнайы брифингте мәлімдеді. Сонымен қатар Сырдарияның деңгейі төмендеуіне орай тиісті жұмыстар қолға алынғанын жеткізді

Қазір Аралға 500 тоннадан астам мал азығы жеткізілді. Шығын жоқ. Тиісті ведомствомен және азық-түлік корпорациясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, - дейді аймақ басшысы. Биыл жем-шөп қорын арттыру да көзделген.  Атап айтқанда жылдағы 700 мың тоннаны 1 млн-ға жеткізу қажет. Ал орын алған қуаңшылыққа байланысты облыста төтенше жағдай жарияланбайды.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
Бірақ Арал ауданының әкімдігі басқа құзырлы органдармен бірігіп төтенше жағдайдың қажеттілігі немесе оны енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Төтенше жағдай бойынша, ол бір аптаның ішінде белгілі болады.

Қуаңшылық өңірдегі шаруаларға да оңай соқпай тұр. Биыл күріш алқабы 5 мың гектарға азайды. Ал қолда бар тіршілік нәрін бақылап, шаруаларға тең бөліп беру үшін арнайы штаб құрылған. Су тапшылығын тек Қазақстан ғана тартып отырған жоқ. Мәселенің күрмеуін шешу 3 мемлекетке ортақ.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
Үкімет, Экология және табиғатты қорғау, геология министрлігі айналысып жатыр. Бірнеше келіссөздер Қырғызстанмен, Өзбекстанмен, Тәжікстанмен жүргізілді. Су транзит арқылы өтетіндіктен үшжақты келісім жоспарланып отыр. 

Көрші Түркістан облысында Сырдария арқылы екінші су қоймасы салынады дегенге халық алаңдап қалған еді. Онсызда судан тарыққан Қызылорда халқы үшін жоба тиімсіз. Алайда, аймақ атқамінерлерінің ұсынысы бойынша, арна құрылысы жобаға енбейтін болды.

Түйткілді мәселелер сыртында, Сыр өңірінің даму көрсеткіші қарқынды. Бір жыл бұрын төмен болған 6 экономикалық көрсеткіштің 5-і қазір оң нәтиже беріп отыр. Мұнай өндіру бойынша қосымша 79 мұнара орнатылады.

Кейінгі 5 жылда бизнес өкілдері үшін 8 млрд теңгеден астам несие берілді. Бір жылда ауылдағы іскер азаматтардың 143 жобасы мақұлданды. Жыл басынан кәсіпкерлер саны 7,3 пайызға артты.

Дарын Сағитов, тілші:
Алдағы бес жылда аймақта 41 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Қызынақ өсіру, ет және жұмыртқа өндірісі ширай түспек. Сыр өңірінің кәсіпкерлері алдағы уақытта сусындар мен шырындар шығаруға да ниетті. 

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу