Шымкентте қарақұрт шаққан 9 адам ауруханаға түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қарақұрт шаққан 9 адам ауруханаға түсті

10.06.2021

Шымкент қаласында жаздың шіліңгір аптабы басталысымен қарақұрт шағып, есінен танып қалғандар көбейді. Бас-аяғы он күннің ішінде денесіне жәндіктің уы дарып жүре алмай қалған 9 азамат ауруханаға жатқызылды. Оның үшеуі - жасөспірім.

Даниал ауруханаға келген соң әрең есін жиды. Әлдебір шаруаға керекті затын іздеп, қора ішіндегі тастардың бірін аудара бергенде қолының шым етіп, ауырсынғанын сезген. Бастапқыда елең қылмағынмен көп ұзамай құсып, өзін жайсыз сезіне бастаған. 14 жастағы жасөспірім ауруханаға жеткенше ес-түсін білмей қалған.

Даниал Исабаев, науқас: 
Бірінші шаққанда әшейін тас кіріп кетті деген ой болды. Қолды, өкпені ұстап, бел іш қату басталды. Енді емделіп жатырмын.

Маусым айы басталғалы токсикология бөлімшесіне Даниал секілді қара құрт шағып алған 9 адам жатқызылды. Оның төртеуі жансақтау бөлімінде ем қабылдап, әрең естерін жиды. Науқастардың дені- шаһардың шеткері жағындағы «Ақжар», «Құрсай», «Қайтпас» секілді шағын ауданның тұрғындары. Түнде далаға төсек салып ұйықтағандықтан қарақұрттың қалай шаққанын да сезбей қалған. Жансақтау бөліміндегі науқастың бірі бүгін бөлімшеге ауыстырылды.

Марат Кәкенов, Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының дәрігер токсикологы: 
 Реанимациядан бүгін ауысты. Жағдайы әзірге тұрақты. Орташа. Емі орташа болса да әлі он күн жатады.

Қарақұрттан бөлек Шымкентте шаян шағып алғандар да көбейіп кетті. Ауруханаға күнде бір науқас түседі. Сондай-ақ биыл жыландар да жолында кездескенге уын шашып, көлденең шыға беретін болды. Жыл басталғалы жедел құтқару жасағы шақырту бойынша барып, үйлерден 24 жылан аулаған.

Орынбасар Төртбаев, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының жетекшісі: 
Соңғы тәуліктің ішінде 2 рет шақыру алдық. Оның ішінен 2 жылан ұстады. Оның біреуінің ұзындығы 1 метр, екіншісі 70 сантиметр.

Улы жәндіктердің көбейіп кетуіне биылғы күн райы себеп дейді мамандар. Аймақта қуаңшылық. Оның үстіне шілде басталмай жатып, күн қатты ысып кетті.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу