Алматы облысында мемлекеттік қызметтің онлайн түрлері артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында мемлекеттік қызметтің онлайн түрлері артты

10.06.2021

Карантиндік шектеулер мемлекеттік қызметке онлайн жүгінушілердің қатарын арттырды. Алматы облысында жыл басынан бері осы бағытта 3 млн 300 мыңнан астам қызмет көрсетілді. 

Текелі қаласының тұрғыны Мағира Мұхтар екі қызын бірдей балабақша кезегіне тіркеуге келді. Қазір бұл қызметті үйден шықпай-ақ алуға болады. Алайда жас ана кейбір түсінбеген тұстарын мамандардан анықтап, біліп алып жүр. Жалпы кеншілер қалашығындағы сервистік әкімдікте 6 бөлім жұмыс істейді. Жыл басынан 900-ге жуық мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 90 пайызы электронды форматта рәсімделді.

Мағира Мұхтар, Текелі қаласының тұрғыны: 
Мұнда бұрыңғыдай анда-мында жүгіру жоқ. Бір ғана қағазбен келеміз. Бес минутта алып берді, ертеңнен балабақшаға барады.

 Ал талдықорғандық Гүлшара Кәрімова жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келді. Қазір өз-өзіне қызмет көрсету бұрышында құжаттарын рәсімдетіп, бос орындар туралы ақпаратты біліп отыруды үйреніп жатыр.

Гүлшара Кәрімова, Талдықорған қаласының тұрғыны: 
Қазіргі жағдайды өздеріңіз білесіз. Локдаун жиі болып тұрады. Сондықтан осы жерден үйреніп алсам, үйде отырып жұмыс қарастыра берем деп ойлаймын.

Облыс орталығында тұрғындарға бірінші тоқсанда 12 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның тек 600-і ғана қағаз жүзінде рәсімделген. Қазір Open Taldyqorgan жобасымен 73 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілуде.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу