Жыл басынан бері 880 көлік өртенген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері 880 көлік өртенген

09.06.2021

Елде жыл басынан бері 880 көлік өртенген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37,5%-ға артқан. Сарапшылардың сөзінше, бұған себеп – жүргізушілердің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы. Әрі автокөліктерге газ баллонын орнатумен лицензиясы жоқ компаниялар айналыса бастаған. Оқыс оқиғаларға тағы не себеп? Көлікке газ баллонын орнату қауіпті ме? Тілші Нұрхан Нұрланұлы зерттеп көрді.

Статистикаға сүйенсек, елде жыл сайын 2 мыңға жуық көлік өртенеді. Бұл бір жылдағы өрт оқиғаларының 20 пайызы екен. Ал соңғы бес айда қызыл жалынға оранған 880 көліктің 7%-на газ баллоны орнатылған. Салдарынан 5 адам жарақат алып, екі жүргізуші қаза тапқан.

Жуырда Алматыда жол бойында Lexus автокөлігі отқа оранды. Төтеншеліктер оқиға орнына дер кезінде жеткенімен, автокөлік санаулы минутта күлге айналды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.

Осыған ұқсас жағдай артынша қайталанды. Алматы-Қорғас тас жолының бойында жеңіл көлік өртеніп, ішінде болған екі әйел салоннан шыға алмай, тірідей жанып кетті.

Қала тұрғыны Азамат Болатұлы 3 жыл бұрын автокөлігіне газ баллонын орнатқан. Айтуынша, жанармайға қарағанда 3 есе тиімді. Алайда, бағасы арзан деп бакқа газды толық толтыруға болмайтынын естен шығармаған жөн. Өрттің көбеюіне бірден бір себеп осы дейді жүргізуші.

Азамат Төлеуов, қала тұрғыны: 
Неше түрлі жағдайларды интернет көріп жатырмыз. Адам болғаннан кейін, алыс жолға шыққанда газды лықылдатып толтырып аламыз. Газды негізі қатты толтыруға болмайды. Күннің ыстығында ол газ ісінеді. Сол үшін газды жарты қылып толтыру керек.

Бекітілген ережеге сай жүргізушілер әр он мың шақырым сайын көлігін тексертуі тиіс. Себебі, кез келген уақытта бактан ақау шығып, қозғалтқышқа кері әсер етуі мүмкін.

Ертөстік Дабылов, қала тұрғыны: 
Жүргізушілердің өздерінен де қателіктер көп кетеді. Олар көбінесе өздері фильтрларын ауыстырмайды және құрал-жабдықтарын қарамайды. Менің айтарым уақытында қарап, тексеріп отырған жөн.

 Көлікке газ балонын орнатуда 8 жылдық тәжірибесі бар мамандар көпшілік арзан орталықтарға жүгінетінін айтады. Соның салдарынан сапасыз құрылғылар қойылады. Тіпті қауіпсіздікті сақтайтын ең негізгі құрылғы мультиклапанды да орнатпайтындар бар.

Әлібек Жебенов,  газ орнататын компанияның қызметкері: 
Бұл құрылғы міндетті түрде керек. Себебі, кез келген уақытта баллондағы газ қысымның әсерінен көтерілуі мүмкін. Ал мультиклапан соның бәрін реттеп отырады. Бірақ, жүргізушілер мұны ескермейді. Кейбір газ орнататын компаниялар да клиенттен айырылмау үшін бәріне көз жұма қарайды.

 Бір ғана Алматының өзінде 530 мыңнан астам көлік бар. Олардың 22 мыңға жуығы табиғи газбен жүреді. Соның 5%-і - қоғамдық көлік.

Дегенмен, көрсеткіш жыл сайын көбейіп барады. Сәйкесінше оқыс оқиғалар да жиіледі. Сондықтан, жауаптылар өрттің алдын алу үшін рейд ұйымдастырып, қауіпсіздік ережелері жазылған парақтар таратуға көшкен.

Талғат Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі: 
Теріс түсінік қалыптасқан. Айыппұл сала ма деп қорқып, көбінесе қашып, сөйлеспей жатады. Ол әрине дұрыс емес. Адамдар сөйлесіп, өзіне қажетті, өзіне қызықты ақпаратты алып алуына болады.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші: 
Елімізде табиғи газбен жүретін көліктер заң жүзінде тіркелуі тиіс. Алайда, көлігіне өз еркімен, ешқандай рұқсатсыз көгілдір отын орнататындар көбейген. Яғни, бұл да көлік өртінің жиілеуіне себеп. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, заң бұзғандарға 43 мың теңгеден астам айыппұл салынып, автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі алынады.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу