Ескі Иқан ауылының шаруалары ағын судың қымбаттауына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ескі Иқан ауылының шаруалары ағын судың қымбаттауына наразы

09.06.2021

Түркістан қаласының іргесіндегі Ескі Иқан ауылының шаруалары ағын судың тарифіне наразы. Айтуларынша өзге көрші ауылдар бір каналдан бөлінетін суды әлдеқайда арзан тұтынады. Ал "Қазсушар" мекемесі иқандық диқандарға суды үш есе қымбатқа саудалап отыр. Жергілікті халық жауапты мекемеден бағаны арзандатуды бірнеше рет сұрағанымен, нәтиже жоқ.

Әбдімүтәліп Хасансанов үш гектар жеріне қызанақ пен жүгері және мақта еккен. Шаруа қызанақтың әр гектарына орташа есеппен 1,5 млн теңге жұмсапты. Өйткені көшеттер , тыңайтқыштар қала берді жанар жағармай да да биыл күрт қымбаттаған. Ал, ағын суға бағаның көтерілгені жығылғанға жұдырық болды дейді.

Әбдімүтәліп Хасанханов, шаруа:
Мен бір жылда 5-6 рет суарамын енді көшетті. Қызанақ піскенше, піскеннен кейін тағы береміз. Енді бұл бізге есептесек ауыр болайын деп тұр. 

Сауран ауданындағы 12 елді мекенге Арыс-Түркістан каналы арқылы су келеді. Оларға «Тұран» серіктестігі су береді. Бағасы үш есе арзан. Ал, Иқан ауылы осы канал арқылы егістігін суғарғанымен, үш есе қымбат төлейді. «Қазсушар» мекемесі судың тарифін соңғы үш жылдан бері бірнеше рет көтеріп жіберген.

Құтлымұрат Шерметов, шаруа: 
Суткасына 100 литр суға көрші ауылдар 2800 теңге төлейді. Ал, біздің ауыл 1-ші майға дейін 4500 теңге төлеген. Бірінші майдан бастап 6600 теңге төлеп жатыр. Су көтерілген соң, біздің өніміміз көтеріледі. Көрші ауылдар 100 теңгеден жеткізген нәрсені біз 150 теңгеден жеткіземіз. Ол базарға барғанда өтпейді.

Суға жауапты мекеме тамызда тарифті тіпті 7500-ге көтеретінін хабарлапты. Қазір 18 мың тұрғыны бар Ескі иқан ауылында 13 мың гектар егістік жер бар. Ағын судың тапшылығынан биыл 300 гектардай жер игерілмей қалған. Егер су бағасы төртінші рет қымбаттаса тұрғындар амал жоқ егістікті тастап, басқа жұмыс іздуге мәжбүр.

Иқанға су таратушы «Қазсушар» мекемесі болса барлық шығындарды есептеп ортақ тариф шығардық, сондықтан баға негізсіз қойылмады дейді.

Есенгелді Керімбаев, «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы: 
«Тұран су» мекемесінің теңгерімінде болғандықтан, олар өздерінің жергілікті мекемеден тарифін бекітіп алып, өздерінің жеке тарифі бар. Біздікі республикалық масштабтағы тариф болғандықтан, біздікі ол тарифтен жоғарырақ болып отыр.                                  -

Дегенмен халықтың өтінішін ескеріп, су ресурстары комитетіне хат жолданған. Мәселені шешу үшін Иқан ауылдық округіндегі каналдарды сенімгерлік басқаруға беру жоспарлануда. Бірақ, қазір ауылдағы арық атыздар ретке келтірілуде. Бұл жұмыстарды аяқтамай, каналды басқа бір мекеменің қарамағына беру немесе сенімгерлікке тапсыруға заңмен тиым салынған. Сондықтан иқандық диқандарға каналдардың жөнделіп бітуін күтуден басқа амал жоқ.

Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу