Онлайн сот отырысына қатысты сын көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онлайн сот отырысына қатысты сын көп

09.06.2021

Онлайн сот отырыстарында байланыс жиі үзіліп, дыбыс шиқылдап, дауыс естілмейді. Депутаттар азаматтардың шағымын жеткізіп, сот билігін сынға алған. Алайда, құзырлы орган бүгінде процестердің 90 пайызы қашықтан өтетінін айтып отыр. Тақырыпты тілші тарқатады.

Соттағы онлайн отырыстар – соқыр мен саңыраудың әңгімесіндей. Мәжіліс депутаттары осылай деп мәселе көтерген. Әрине, сақтық үшін процеске қашықтан қатысуға тура келеді. Бірақ, ойдағыдай өтпейді.

Ермек Әбілдин, Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы:
Ыңғайсыз whatsapp-пен сот жүргізген. Өйткені, сот жүріп жатқанда сізге қоңырау соғылады. Ауылдық жерде интернет ұстамайды.

Көбіне азаматтық істер whatsapp, ал қылмыстық істер zoom арқылы өтеді. Онлайн байланыс орнату қаржы үнемдегенмен, уақытты сарп етеді. Өнімділік аз. Бұған жалғыз мысал. Бір процеске бір сағат беріліп, оның жартысы күдікті, куәгер, қорғаушы тараптарды қосуға кетеді екен. Оның үстіне желі жиі үзіледі.

Жандос Тұяқов, адвокат: 
 Ал, біздің уақытымыз енді кешіріңіздер тыңк-быңк-тыңк деген нәрселерге ғана кетіп жатады. Күлкінішті болса да айтайын.

Интернеттің сапасына сот жауапты емес. Бірақ, сайтқа онлайн байланыс орнату талаптары түзілген жадынама жарияланған. Ал, сот болса, бірде-бір видеоконференция жүйесі жұмыс істемейді дегенді жоққа шығарды. 1 млрд теңгеге жуық қаржыға арнайы құрылғымен бүкіл сот қамтылды,-деп отыр.

Ерлан Ахметжанов, Жоғарғы сот баспасөз қызметінің өкілі: 
Бейнеконференция байланысы соттар арасында бейне байланысты қамтамасыз етеді. Ол видео камера, экрандар, микрофондар. Бейне конференция байланыс құрылғыларын пандемия жағдайына бейімдеп, сол арқылы онлайн процестерін өткізіп келеміз.

Адам тағдырын онлайн шешуге болмайды. Бұл бас бостандығынан немесе меншік құқынан айыру істеріне қатысты ұсыныс. Бұларды санитарлық талаптарды сақтай отырып, бетпе-бет жүргізу керек. Себебі, дәлелді бұрмалау, ақиқаттан жалтару сияқты жағдайлар кездеседі.

Жандос Тұяқов, адвокат:
Онлайн режим жүріп жатқан кезде куәнің жанында ешкім тұрмауы керек. Ал, бірақ біз кей жағдайда естіп қаламыз. Сыбырлап айтып жатады. Ең бастысы экранға түспесе болды. Осы жағынан заң талаптары бұзылады.

Пандемияға дейін күніне 150 онлайн процесс өтсе, карантин енгізілгелі отырыстар саны 4 жарым мыңға өскен.

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу