Премьер-Министр Атырау облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр Атырау облысына жұмыс сапарымен барды

08.06.2021

Бүгін Премьер-Министр  Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысын бастап берді. Атырау облысына жұмыс сапарымен барған Асқар Мамин мұнай-газ химиясы және мұнай-газ машинасын жасау салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Үкімет басшысының мұнайлы өлкеге жасаған сапары жайында тілшіміз айтсын.

2023 жылдың соңына қарай бұл жерде газ өңдеу зауыты болады. Қашаған кен орнындағы жаңа кәсіпорынның құрылысын премьер-министр Асқар Мамин бастап берді. Зауыттың қуаты жылына 1 млрд текше метр. Одан 815 млн м³ тауарлық газ және 119 мың тонна сұйытылған газ, 212 мың тонна күкірт және 35 мың тонна газ конденсаты өндірілмек.

Абай Әмірханов, GPC Investment ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы:
Жоба еліміздің газ өңдеу саласын дамытуға серпін береді, Қашағанда мұнай өндіру деңгейін тәулігіне 450 мың баррельге дейін ұлғайтуға, елді одан әрі газдандыру үшін ресурстық базаны кеңейтуге және мұнай-газ өндірісінің экологиялығын арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде мұнда 2500 уақытша, ал пайдалану кезеңінде 600 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Үкімет басшысы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін еліміздегі алғашқы Интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысымен де танысты. Оны келер жылы наурыз айында пайдаға беру жоспарланған. Кәсіпорында 630-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Әрі Асқар Мамин былтыр пайдалануға берілген қуаты жылына 36 мың шаршы метр грейтинг және 60 мың тонна мырыштауды құрайтын «Атыраумұнаймаш» цехының жұмысын көрді. Сондай-ақ Премьер-Министр Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Айранкөл» кен орнына 2019-2021 жылдары жүргізілген цифрландырудың нәтижелермен танысты.

Қайырбек Елеусінов, АҚ бас директоры:
Енгізгеннен кейін біз 10 процентке өндіріс көлемін көтердік. Және мұнай өндіру шығындары азайтылды 30 процентке. Және де жаңа технологиялар енгізілген соң бүкіл жүргізетін жұмыстардың адамдардың операциялық жылдамдығы 80 процентке жақсартылды.

Сапар барысында Үкімет басшысы бекіре балығын өсіретін «Kaspi Bekiresi Limited» балық өсіру шаруашылығына да барды. Кәсіпорынның өндіріс көлемін жылына 30 тонна балық еті мен 3 тонна уылдырыққа дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ Премьер-Министрге Атыраудың әлеуметтік-экономикалық жағдайы және қала инфрақұрылымын дамыту туралы баяндалды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу