Тәуелсіздік жылдары Қостанай облысына 34 мыңнан астам қандас оралған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік жылдары Қостанай облысына 34 мыңнан астам қандас оралған

07.06.2021

 Тәуелсіздік жылдары Қостанай облысына 34 мыңнан астам қандас оралған. Бүгінде олар әртүрлі салада еңбек етіп, Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Атакәсіп - мал шаруашылығын дамытуға ден қойғандары аз емес. Солардың бірі Алмат Нұрмаханов – солтүстік өңір үшін тың кәсіп – түйе өсіріп шұбат өндіруді қолға алған.

Алмат Нұрмаханов атажұртқа 2003-ші жылы оралып Рудный қаласындағы кен орнында еңбек етті. 2016-шы жылы қаланың жанындағы ауылға қоныс аударып, шағын несиеге бес түйе сатып алып өз кәсібін ашты. Бүгінде ойсылқара саны 30-ға жеткен. Биыл сегіз інген боталаған, соларды сауып шұбатын сатады.

Алмат Нұрмаханов, кәсіпкер:
Сүтінің көбейетін кезі осы кез. Шөптің мол кезі. Күзде сүті қайтады. Қыста мүлде азаяды. Бірақ қою, пайдалы болады.

Сегіз інгеннен күніне 40-50 литр шұбат өндіріледі. Іскер азамат жуырда Рудный қаласындағы орталық базардың аумағынан киіз үй тігіп, ұлттық сусындар мен тағамдар сататын этнокафе ашты. Бұл жер аз уақытта шағын қаланың тұрғындарына танымал орынға айналды. Көпшілікті ұлттық сусын мен тағам ғана емес, көшпелі тұрмыстың көрінісі де қызықтырады.

Мұрат Ізбанов, Теміртау қаласының тұрғыны:
Дәмді екен шұбаты. Осы жерден қазақылықтың исі шығып тұр. Киіз үй, ұлттық бұйымдар, өте керемет.
Айтқожа Әлмағанбетов, Рудный қаласының тұрғыны:
Қазақтың ұлттық сусыны болғасын ішкіміз кеп аңсап тұрамыз. Осындай үй бар дегенді естіп бүгін бірінші ерт келдім. Негізі бұған дейін алдырып ішуші едім.

 Атажұртқа оралып атакәсіпке ден қойған азамат адам баласы бақытын адал еңбектен ғана табады деп есептейді. Балаларын да осыған баулиды.

Алмат Нұрмаханов, кәсіпкер:
Біз Қазақстанға толық үйренісіп, осы ортаға сіңіп кеттік. Балалар осында туды. Өсті, мектеп бітірді. Жағдай, тұрмыс жақсы. Еңбек етем, кәсіптің түрін ашам деген адамға Үкіметтің көмегі де өте үлкен.

Алмат Нұрмаханов бүгінде ұл-қыз өсіріп отырған үлкен әулеттің отағасы, облысқа танымал сыйлы азаматтардың бірі. Ол атажұртқа оралып, осы жерде тамырын жайып бақуатты тірлік кешуі – Тәуелсіздіктің жемісі деп біледі.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу