Көкшетауда қоқыс шығаратын полигон жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда қоқыс шығаратын полигон жоқ

07.06.2021

Көкшетауда бір ай бұрын өртенген қоқыс палигоны әлі бықсып жатыр. Палигонның рұқсат мерзімі әлдеқашан бітсе де, жал-жал болып үйілген қатты қалдық жылдар бойы жойылмай жатыр.Бәрінен бұрын палигонға жақын орналасқан елді-мекеннің тұрғындары ащы түтін мен қолаңса иіске тұншығып әбден қиналдық деп налиды. Тақырыпты өңірдегі тілші тарқатады.

Көкшетаудың іргесіндегі Красный яр елдімекеніндегі қоқыс полигоны үйлерге тым жақын орналасқан. 1 шақырымға жетер-жетпес. Мұнда қоқыс төгу өткен жылдың аяғында тоқтады. Бірақ, полигонды жою әлі аяқталған жоқ. Тұтанған өрт болса, 1 айдан бері сөнбей, бықсып жатыр. Оның зардабын тұрғындар көруде.

Айдахмет Мұғжанов, Красный Яр кентінің тұрғыны:
Полигон өте қолайсыздық туғызып тұр бізге. Бір кішкене жел болса болды, жел соққан жақтан түтін шығады. Жаман иіс келеді. Өте қиын. Міне, бүгін қана жел жоқ, тыныш тұр, ал жай күндері түтіннің астында қаламыз.

Қазір қоқыс төгіп жатқан орын да талапқа сай емес. Мұнда да жиі өрт шығады. Жалпы облыс аумағында 132 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Бірақ, оның тек 24-інде ғана тиісті құжаттары түгел.

Нұрбек Хамитов, Ақмола облысы экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы:               Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында жұмыс істеуге рұқсаты бар бірде-бір қоқыс полигоны жоқ. Қалдықтар ескі полигонға шығарылып жатыр. Бұл заңсыз. Экологиялық талаптар бұзылуда. Сондықтан қоқыс шығарушы компанияның қызметіне қатысты тексеріс жүргізіп жатырмыз.

Ал компания басшысы бұл қадамға амалсыздан барып отырмыз деп ақталады. Жауапты мекемелерге талай хат жолдадық, нәтижесіз, - дейді. Қазір, Көкшетауда аумағы 40 гектар болатын полигон құрылысының жобасы әзір. Алайда, қатты қалдықтарды төгетін жер әуежайдан 15 шақырым қашықтықта болу керек деген талап енгізілгенде, жоба іске аспай қалды.

Болат Тоқышев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары:
Жаңа участок таптық Зеренді ауданында, Көкшетау-Петропавл трассасында сол жерде корректировкасын жасап, осы бюджетный комиссияда ақша бөлінді. Соны жасап, сосын ПСД өткіземіз. Содан кейін ПСД-сынан кейін жұмыс басталады. Ол енді бір жылда салынбайды. 2-3 жылға созылады.

Осылайша, Көкшетаудағы полигон мәселесін жою үшін уақыт керек. Облыс орталығынан бөлек, өңірдегі 10 ауданда да қоқыс төгетін заңдастырылған орын жоқ. Ол полигондарды ашу үшін қыруар қаражат мен уақыт қажет.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу