Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысымен келіссөз өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысымен келіссөз өткізді

06.06.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев видео конференция режимінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен сөйлесті. Бірден айта кететіні, Қ.Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ басшысы лауазымына екінші мерзімге ұсынған кандидатурасын Қазақстанның қолдайтынын нақтылады.

Өңірлік қауіпсіздік сөз болғанда әрине, Ауғанстан талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
 Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды. Біз Ауғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға дайынбыз. Әрі сол елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға атсалысуға әзірміз.

Жүздесуде Пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске ерекше назар аударылды.Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысына коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде, QazVac отандық вакцинасының әзірлемесі туралы мәлімет берді. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін халықтың 55 пайызына екпе салу жоспарын жеткізді.

БҰҰ Бас хатшысы теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына кіретін мемлекеттердің мүддесін қорғауға бағытталған Қазақстанның бастамасын құптады. Бұл, әсіресе, пандемия салдарынан туындаған дағдарыс кезінде өзекті болып отыр.

Қазақстан Президенті биылғы қараша айында Глазгода өтетін СОР26 дүниежүзілік климат конференциясына қатысуға ниетті екенін жеткізді. Аталған жиын барысында 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен ада ел болуға қол жеткізу жөніндегі жаңартылған ұлттық шаралары жарияланады.



Хабарламаларға жазылу