Елімізде 550-ге жуық жастар ұйымы белсенді жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 550-ге жуық жастар ұйымы белсенді жұмыс істейді

04.06.2021

Интеллект дәуірінде заман көшіне ілесіп, әр салада топ жарған жастарға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетеді. Тәлім мен тәрбиені ұштастыруда ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға басымдық беріледі. Бұл туралы елордада өткен «Біз – ел патриотымыз» атты халықаралық жастар форумында айтылды.

Елімізде 550-ге жуық жастар ұйымы белсенді жұмыс істейді. Олар күрмеуі шешілмеген мәселелерге араласып, тиісті саланың дамуына үлес қосып келеді. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жоғарғы интеллект салтанат құрған дәуірде топ жарған жастарға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.

 Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыруға ұластыруға нақты шаралар қабылдануда. Бұл жаңғырулдар ең алдымен елдің келешегі – жастар үшін аса қажет. Сондықтан жастар жаһанданудың заманауи игіліктерін бойына сіңіре отырып, ұлттық құндылықтарымызды құлдыратпауы тиіс.

Жастар дамуының жаһандық индексі бойынша Қазақстан 183 елдің ішінде 63-орында тұр. Жетістікті еселеп, биіктен көріну маңызды. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы жастармен белсенді жұмыс істеп келеді. Түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары арасында 600-ден астам жас бар. «Болашақ» бағдарламасымен білім алған 14 мыңдай маманның жартысынан көбі басшылық қызметте. 10 пайыздан астамы кәсіпкерлікпен айналысады.

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Жаһандық өзгерістерге еліміздің әр азаматы бейімделе білуі керек. Бұл ретте, жастарға артылатын сенім мен жауапкершіліктің жүгі зор. Жігерлі, жалынды жастар осы артылған үміттің үдесінен шығады деп сенеміз.

АҚШ, Ресей, Түркия, Франция мен Әзербайжандағы жастар ұйымдары өкілдерінің басын қосқан шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды. Рәміздер күнімен тұспа-тұс келген шараның маңызы зор. Қатысушылар патриотизм төңірегінде пікір алмасып, тың идеялармен бөлісті.

Нұрбек Әлібек, форумға қатысушы:
Мұндай форумға қатысқан адам жаңа достар табады. Екіншіден, өздері қатарлы жандардың жұмыстарына қарап, қанаттанады.

Егемен елдің жастары баянды болашақтың байрағын көтеріп, ертеңгі күнге қадам басып келеді. Жастарды қолдаудың 2025-жылға дейінгі кешенді жоспары да бар.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу