Шымкентте қатты жел бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып әкетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қатты жел бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып әкетті

02.06.2021

Шымкентте қатты жел тұрып, 10 ғимараттың шатырын ұшырып әкетті. Оның бесеуі көпқабатты тұрғын үй, екеуі білім беру мекемесі, қалған үшеуі коммерциялық нысандар. 

Төбесін жел шайқаған бұл ғимараттардың 3 мың шаршы метр жабындысы дауылда көтеріліп, автокөліктердің, айналадағы нысандардың үстіне құлаған. Төңіректі алай-түлей еткен дауылдан 12 жасар бала жарақат алды. Қазір ол Түркістан облыстық балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы орташа. Сондай-ақ секундына 26 метр жылдамдықпен соққан желден шаһардың шеткері аумағындағы 6 шағын ауданда электр жарығы сөніп қалды. Кешкі қарбалас сәтте бағдаршамдар істен шығып, көшелерде автокөлік кептелісі пайда болды. Апаттан соң қалпына келтіру жұмыстары түнгі сағат 10-нан өте аяқталып, электр жарығы берілді. Табиғи апатқа байланысты шаһарда жедел штаб құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. 

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу