Шығыс Қазақстанның Ұрынқай ауылындағы мектеп санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай емес. Сол үшін білім мекемесіне 700 мың теңге айыппұл салынды. Марқакөлдің жағасында тұрған шағын елді мекендегі мектеп 2012 жылы ресми түрде апатты жағдайда деп танылса да осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген.
Ұрынқай ауылындағы негізгі орта мектеп 1964 жылы ағаштан салынған. Білім мекемесі апаттық жағдайда деп танылып, оны жабу туралы сот шешімі де шыққан. Бірақ, мектеп басшылығы жыл сайын жоғарғы жаққа жалынып, 70-ке жуық баланы осы жерде оқыта беруге рұқсат алып жүрген.
Меңдігүл Сәдуақасова, Күршiм аудандық санитарлық- эпидемиологиялық басқармасының басшысы:
Осы Ұрынқай негізгі орта мектебі бүгінгі күні санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болмай тұр. Мектепке 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Егер 7 жұмыс күн ішінде төлесе ол 115 АЕК болады.
Ауыл тұрғындары билік өкілерінен жаңа мектеп салып беруді қашаннан сұрап жүр. Бірақ жер орман қоры аумағында болғандықтан мәселе шешілмей келді. Жаңа ғимарат салынбаған соңбалаларды ескі нысанда оқытуға мәжбүрміз дейді, мектеп директоры. Ол әкімшілік жазамен де келіспейді.
Бауыржан Әміренов, Ұрынқай орта мектебінің директоры:
Биыл да міне 335 мыңтеңге айыппұл салды. Біздің қандай кінәміз бар? мектептің жағдайы осындай болса? Жер мәселесі шешілмеді деген, былтыр ол мәселе шешілді. Әлі де құрылыс басталған жоқ.
Ал облыстық білім басқармасының есебі бойынша, аймақта апатты мектеп жоқ. Дегенмен, алдағы 5 жылда өңірде жаңадан 32 мектеп салу жоспарланған. Ұрынқай ауылындағы білім мекемесі осы тізімде тұр.
Сайрангүл Жұмаділова, облыстық білім басқармасының басшысы:
Жобалық-сметалық құжаттар дайын. Қазіргі кезде құрылысты бастау үшін облыстық деңгейде қаржы мәселесі қарастырылуда. 2022-2023 жаңа оқу жылында мектеп құрылыс толық аяқталып, 1 қыркүйекте жаңа мектепте оқиды деп жоспарлап отырмыз.
Ұрынқайлық оқушыларға әлі 2 жыл апатты мектепте оқуға тура келеді. Ал ескі ғимараттың санитарлық талапқа сай болмағаны үшін салынған айыппұлды кімнің төлейтіні әзірге белгісіз.
Берік Көшербай